Енді мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін ата-анасына барлық шығыны өтеледі

Енді мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін ата-анасына барлық шығыны өтеледі
1570

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін ата-анасына барлық шығыны өтеледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты.

Депутат Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.

Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасының (заңды өкілінің) біріне мекемеде орналасу, тамақтану, жатын орны сияқты бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құны өтеледі, - деді депутат.

Оның сөзінше, бұл бастама шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаторий-курорттық ем-дом алуға жол ашады.

Бүгінге дейін бұл мәселені жергілікті бюджет арқылы тек қана 3 аймақта, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан алып жүруші заңды өкілдеріне қаржы қарастырылған еді, - деп түсіндірді Бейсенбаев.

Мәжілісмен атап өткендей, бұл аса маңызды нормалардың бірі. Өйткені қазірдің өзінде көптеген ата-ананың әлеуметтік жағдайы баласымен бірге санаторий-курорттық ем-домын алуға жете бермейді. 

Жалпы заң жобасындағы қарастырылған қаржының басым бөлігі осы позицияны іске асыруға бағытталады. Біздің алдын ала жобалық есебіміз бойынша 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам баламен ата-атасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге барады.  Сондай-ақ заң жобасының аясында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар енгізілді, - деді ол Мәжілісте.

Сонымен қатар оның мәліметінше, осы заң жобасының аясында 3 жылдық республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы