Енді медиа саласындағы мамандықтарды тегін оқуға болады

17 Қараша 2023, 19:29
459
Бөлісу:
Енді медиа саласындағы мамандықтарды тегін оқуға болады
Фото: Артём Чурсинов - архив

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ онлайн-білім беруді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірлескен жұмыс медиа және коммуникация саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға арналған курстардың тізімін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ қызметінің негізінен мемлекеттік, жастар және отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінгі күні ынтымақтастық аясында Skills Enbek платформасында медиа және коммуникация индустриясы өкілдерін оқыту және біліктілігін арттыру үшін «Медиа және коммуникация саласының өкілдеріне арналған кіріспе курс» атты тегін курс қолжетімді.

Осы курс аясында қоғаммен өзара іс-қимыл саласындағы заманауи тәсілдер, коммуникациялық стратегияны әзірлеу, сондай-ақ осы саладағы табысты қызмет үшін маманның қажетті қасиеттері, іскерліктері мен дағдылары қарастырылады.

Skills Enbek платформасы қазақстандық онлайн білім беру нарығының көшбасшыларының бірі болып табылады. Онда әр түрлі бағыттар бойынша 255 курс орналастырылған, оның 195-і тегін.

Платформада барлығы 346 мыңнан астам адам тіркелген, жалпы 288 мың қазақстандық оқуды сәтті аяқтап, сертификаттар алса, оның ішінде 137 мыңнан астамы биылғы жылы оқуын тәмәмдаған.

Өзгелердің жаңалығы