Енді ХҚКО-ға жүгінген азамат шағымын QR-код арқылы қалдыра алады

8 Шілде 2021, 15:12
1509
Бөлісу:
Енді ХҚКО-ға жүгінген азамат шағымын QR-код арқылы қалдыра алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин айтты.

Бірінші кезекте біз адамдардың көпшілігі бұрынғысынша ХҚКО-ға жүгінуді жөн санайтындарын көріп отырмыз. Қызметтерді талдау көрсеткендей, тек 6 қызмет түрін алушылар 75%-ды құрайды. Тек өткен жылдың өзінде 4,8 млн азамат ЭЦҚ-ға алу үшін келді, бұл барлық өтініштің 30%-ы, - деді ол. 

Әбділдиннің сөзінше, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп бұлтты ЭЦҚ енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жоба ЭЦҚ алу процесін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ХҚКО-да қызметтер мен сервистердің сапасын арттыру үшін биыл азаматтардан келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды жинау, өңдеу жүйесі іске қосылды. ХҚКО-ға жүгінгеннен кейін клиент QR-кодты сканерлеу арқылы пікір қалдыра алады немесе қызметті алғаннан кейін SMS арқылы қысқа сауалнамадан өте алады, - деп түсіндірді төраға орынбасары брифингте. 

Қазірдің өзінде 89 мыңға жуық пікір жиналды. Корпорация 1 шілдеден бастап азаматтардың теріс пікірлері бойынша кері қоңыраулар жасауды бастады.

Бұл қоңыраулар клиенттердің наразылығының себептерін анықтауға және оларды тез жоюға мүмкіндік береді. Айтуларынша, бірде-бір теріс пікір назардан тыс қалмайды.

Өзгелердің жаңалығы