Қазақстанда медициналық көмек алуға келісім беру тәртібін жеңілдету ұсынылып отыр.Енді пациенттер өз келісімін қағаз түрінде де, электронды форматта да рәсімдей алады. Алайда операциялар мен басқа да күрделі медициналық араласулар кезінде келісім алу міндетті болып қала береді. Бұл туралы Құрылтай отырысында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық құжаттарды рәсімдеуді жеңілдету мәселелері қарастырылған.
Пациент өз келісімін қағаз немесе электрондық түрде бере алады. Ал операциялар мен басқа да күрделі медициналық араласулар кезінде пациенттің келісімін алу міндетті болып қала береді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар азаматтардың өз денсаулығы туралы толық ақпарат алу және медициналық көмектен бас тарту құқықтары сақталады.
Министр міндетін атқарушының айтуынша, ұсынылған өзгерістер құжат рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып, медицина қызметкерлерінің пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда рентген, КТ және МРТ нәтижелері бірыңғай жүйеде сақталуы мүмкін