Қазақстанда медициналық ұйымдар арасындағы деректер алмасу жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде аудандық ауруханада түсірілген рентген, компьютерлік томография және МРТ нәтижелерін Астана мен Алматыдағы республикалық медициналық орталықтардың дәрігерлері қашықтан көре алады. Бұл науқастардың қайта-қайта тексеруден өту қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Құрылтай отырысында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Ол «Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Ведомство өкілінің айтуынша, 2020 жылы Денсаулық сақтау кодексі қабылданғаннан бері медицина саласында бірқатар өзгеріс болды. Жаңа технологиялар енгізіліп, медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңейді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы заман талабына сай жетілдіру ұсынылып отыр.
Заң жобасы алты негізгі бағытты қамтиды. Оның алғашқысы – денсаулық сақтау саласын цифрландыру.
Қазір еліміздің медициналық ұйымдарында түрлі ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Енді оларды өзара байланыстырып, медициналық ақпарат алмасуды жеңілдету көзделген. Осы мақсатта электрондық денсаулық сақтау платформасының жұмыс тәртібін нақтылау ұсынылады.
Мысалы, аудандық ауруханада тексерілген науқастың нәтижесін Астанадағы немесе Алматыдағы республикалық орталықтың дәрігері қашықтан көре алады. Бұл науқастың қайта-қайта тексеруден өту қажеттілігін азайтып, дәрігерлердің өзара кеңесуіне мүмкіндік береді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар заң жобасында азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптарын жетілдіру де қарастырылған.