- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Енді банктер несие бермес бұрын қазақстандықтарға 7 сұрақ қояды
Енді банктер несие бермес бұрын қазақстандықтарға 7 сұрақ қояды
1 қазаннан бастап несие алатындарға жаңа талап қойылады
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
29 Қыркүйек 2026, 17:45
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан банктерінде онлайн несие рәсімдеу және басқа банктегі қарызды қайта қаржыландыру тәртібі өзгереді. Енді банктер тұтынушылық несие берер алдында қарыз алушыға алаяқтықтың алдын алуға арналған жеті сұрақтан тұратын сауалнама жүргізуге міндетті болады. Сонымен қатар басқа банк немесе микроқаржы ұйымындағы (МҚҰ) қарызды қайта қаржыландырудың жаңа тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Uchet.kz жазуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының қаулысымен банк қызметін жүзеге асыру талаптарына өзгерістер енгізілді. Құжаттың негізгі ережелері 2026 жылғы 21 шілдеден бастап қолданысқа енгізілгенімен, қарыз алушыларды сауалнамаға тарту және сыртқы қайта қаржыландыруға қатысты нормалар 1 қазаннан бастап күшіне енеді. Ал қаржы омбудсманына қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Онлайн несие алатындарға жеті сұрақ қойылады
1 қазаннан бастап банктер мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік несиені интернет арқылы рәсімдейтін әрбір жеке тұлғаға сауалнама жүргізуге міндетті болады. Бұл талап онлайн шарт жасалғанға дейін орындалуы керек.
Сауалнама қарыз алушының несие алуына үшінші тұлғалардың ықпалы бар-жоғын, сондай-ақ алаяқтық белгілерін анықтауға бағытталған. Онда жеті сұрақ қамтылған. Атап айтқанда, клиенттен:
- несие рәсімдеуді кім ұсынғаны;
- банкке өз еркімен жүгінгені немесе үшінші тұлғалардың өтініші бойынша келгені;
- несиені қандай мақсатта алатыны;
- несие сомасымен, мерзімімен, пайыздық мөлшерлемесімен және төлем кестесімен танысқаны;
- қандай да бір адамның оған қысым көрсетіп, несиені тез рәсімдеуге асықтырып жатқаны;
- банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан несие рәсімдегенін жасыруға кеңес берілген-берілмегені;
- бұған дейін оған ақшасын «қорғау» немесе шотындағы операцияларды «тексеру» туралы ұсыныспен қоңырау шалынған-шалынбағаны сұралады.
Сауалнамадағы жауап нұсқаларында алаяқтар жиі қолданатын тәсілдер де ескерілген. Мәселен, өзін банк қауіпсіздік қызметінің немесе полицияның қызметкері ретінде таныстыру, шотты тексеру не қате аударымды қайтару үшін несие рәсімдеуді ұсыну, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап ету сияқты әрекеттер қамтылған.
Сондай-ақ клиентті асықтыру, несиені шұғыл рәсімдеуді талап ету және бұл туралы ешкімге айтпауға үгіттеу секілді белгілерге де назар аударылады.
Алаяқтық белгілері анықталса, банк не істейді?
Егер сауалнама нәтижесінде алаяқтық белгілері немесе қарыз алушының үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет еткені анықталса, банк несие рәсімдеу жағдайларын қосымша тексеруге міндетті болады.
Бұл ретте банк клиентке қосымша ақпарат беріп, ықтимал алаяқтық әрекеттердің тәуекелдерін түсіндіруі тиіс.
Тексеру қорытындысы бойынша банк үш шешімнің бірін қабылдай алады:
- несие шартын жасасу;
- анықталған мән-жайлар реттелгенге дейін шарт жасасуды тоқтата тұру;
- несие беруден бас тарту.
Осылайша, жаңа талап онлайн несие рәсімдеу кезінде алаяқтық белгілерін ертерек анықтауға және азаматтардың бөтен адамдардың ықпалымен қарыз алуына жол бермеуге бағытталған.
Басқа банктегі несиені қайта қаржыландыру тәртібі өзгереді
1 қазаннан бастап сыртқы қайта қаржыландырудың да жаңа тәртібі қолданылады. Бұл – басқа банкте немесе микроқаржы ұйымында рәсімделген қарызды толық немесе ішінара өтеу үшін жаңа банктік несие беру.
Жаңа талаптарға сәйкес, банк мұндай несие бермес бұрын қарыз алушыдан ақшаны бұрынғы кредитордың, яғни қарыз рәсімделген банктің немесе МҚҰ-ның шотына аударуға келісім алуы керек. Келісімде өтелуге жататын несиелер мен микрокредиттердің тізімі көрсетіледі. Оны банктік несие шартына енгізуге де болады.
Қайта қаржыландыруға арналған қаражат тікелей бұрынғы кредитордың шотына аударылады. Төлем мақсатына қарыз алушының тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), сондай-ақ өтелетін қарыз шарттарының нөмірлері мен жасалған күндері жазылуы тиіс.
Сонымен қатар жаңа несие шартында қаражаттың бұрынғы кредитордың шотына аударылатыны және сол шоттың нөмірі көрсетілуі міндетті. Қайта қаржыландыруға арналған ақшаны басқа шотқа аударуға тыйым салынады.
Банк қарызды бес жұмыс күні ішінде өтеуге міндетті
Сыртқы қайта қаржыландыру кезінде қаражатты алған банк клиенттің бұрынғы берешегін бес жұмыс күні ішінде өтеуі керек. Бұл мерзім ақша банк шотына түскен күннен бастап есептеледі. Қарыз алушыдан несиені мерзімінен бұрын өтеу туралы жеке өтініш талап етілмейді.
Егер аударылған қаражат бұрынғы қарызды толық жабуға жеткіліксіз болса, банк түскен сома шегінде берешекті ішінара мерзімінен бұрын өтеуге міндетті. Бұл рәсім несие шартында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Банк белгіленген бес жұмыс күні ішінде қарыз алушыға берешектің толық немесе ішінара өтелгені туралы хабарлауы тиіс. Хабарлама шартта көзделген тәсілдермен, соның ішінде мобильді қосымша сияқты цифрлық арналар арқылы жіберіледі.
Хабарламада қалған берешек сомасы негізгі қарыз, есептелген сыйақы және тұрақсыздық айыбы бойынша жеке-жеке көрсетілуі керек.
2027 жылдан бастап қаржы омбудсманының атауы өзгереді
Банктерге қойылатын талаптардағы тағы бір өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап қолданыстағы талаптардағы «банк омбудсманы» атауының орнына «қаржы омбудсманы» термині қолданылады.
Бұл өзгеріс банктердің қызметін жүзеге асырудың жалпы талаптарына, ресми сайттарындағы байланыс деректеріне, несие шартын жасасу кезіндегі түсіндірмелерге, негізгі ақпараттық құжатқа, несие шартына және мерзімі өткен берешек туралы хабарламаларға қатысты ережелерге де енгізіледі.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап онлайн тұтынушылық несие рәсімдегенде алаяқтыққа қарсы сауалнама жүргізу және сыртқы қайта қаржыландырудың жаңа тәртібі міндетті болады. Ал қаржы омбудсманына қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Ең оқылған:
- «Қаза болды» деген ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады
- Қар және боран: Қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады?
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- Юрий Мельниченко Азиада чемпионы атағынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға үндеу жасады
- Мұғалімдер күніне ұстазға не сыйлауға болады?