Енді Астанаға кіретін жүк көліктерінің салмағы автоматты түрде тексеріледі

3 Қыркүйек 2023, 15:38
663
Бөлісу:
Енді Астанаға кіретін жүк көліктерінің салмағы автоматты түрде тексеріледі
Фото: kgd.gov.kz

Автоматты таразы бекеттері Астанаға кіре берістердегі жүк көліктерінің артық салмағын тексеретін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйені енгізу бойынша бірінші аймақ ретінде Астана таңдалды, бұл ұсынысты әкімдік қолдады, өйткені мұнда жүк көліктерінің салмақтық параметрлерін арттыру мәселесі өте өзекті. Елордадағы құрылыс нысандарының өзінде күніне 6,5 мыңға жуық жүк көлігі қала маңынан құрылыс материалдарын тасиды. Сондықтан биыл қаланың барлық кіреберісіне салмақ өлшейтін автоматты қондырғылар орнатылады, - делінген хабарламада.

Қазақстандағы көліктік бақылаудың бұл жүйесі жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына, апаттарға, адамдардың өліміне және миллиардтаған шығындарға әкеп соқтыратын жүк көліктерінің салмақтық параметрлерін заңсыз асырып жіберу фактілерін бақылауға және жолын кесуге толық мүмкіндік бермейді. Сфераның негізгі мәселесі – көлік инспекторы мен тасымалдаушы арасындағы тікелей байланыс мүмкіндігі. Инспекторлар мен тасымалдаушылар келісіп, артық салмағы бар жүк көлігі қозғала береді.

Президенттің Жолдауында айтылғандай, еліміздің Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтып, толыққанды көлік-логистикалық державаға айналуы - еліміздің стратегиялық міндеті.

Бірақ жақсы жолдар болмаса, бұл стратегиялық мақсат орындалмайды. Қандай шетелдік тасымалдаушы жақсы жолсыз ел арқылы транзитпен өтеді? Сол себепті жолдарды ұтымды пайдалану мен олардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажет.

Бұл мәселе жүк тасымалының артық салмақ параметрлерін бақылау жұмыстарын ұйымдастыратын Көлік министрлігі Көлік комитетінің де құзырында.

ҚР Көлік министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әлидің айтуынша, бұл мәселеде ең бастысы – адам факторын бақылау үдерісінен шығару. Бұл ретте көліктік бақылау инспекторлары енді ешқандай шешім қабылдай алмайды, барлығы автоматты түрде болады.

Біздің мақсатымыз – салмағы 12 тоннадан асатын барлық жүк көлігі қозғалыс кезінде салмақ бақылауынан өтуі. Яғни, инспекторлардың қатысуынсыз. Салмақтан асып кетсе немесе салмақты жасыруға тырысқандарға айыппұл «Сергек» жүйесіндегідей автоматты түрде есептеледі, – дейді Алтай Әли.

Астанада сынақ мерзімінен кейін жаңа жүйе бүкіл ел бойынша енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы