Енді адамдар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

26 Сәуір 2022, 18:42
2572
Бөлісу:
Енді адамдар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді адамдар тек қана өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы орталығының басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Жанар Бұқанова білдірді.

Осы жылы 16 наурызда Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бірнеше саяси бастаманы ұсынды. Олар бірқатар бағыт бойынша дамуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сарапшылар Президенттің саяси реформалар бағдарламасын Екінші республикаға ауысу деп атап отыр, - деді сарапшы.

Оның сөзінше, Екінші республика дегеніміз – Мемлекет басшысы ұсынған барлық саяси бастама көптеген өзгеріс пен толықтыруды Конституцияға көздейді. Ол мемлекетті басқаруға көптеген өзгеріс енгізілетінін айтады.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар негізінде 95 өзгерту мен толықтыру енгізу қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, ең алдымен Президенттің өкілеттіктерін шектеу, Парламент қызметін реттеу және адам құқықтарын қорғау мәселесі. Нақтырақ тоқтала кетсем, бұған дейін Президент өңірлер әкімдерін өзі тағайындайтын. Енді енгізілетін өзгерістер бойынша Президент өз атынан өңірдің әкіміне екі кандидатураны ұсынады. Кейін бұл кандидатураларды барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қарастырады және келісіледі. Жаңа өзгеріс жергілікті жердегі өкілдік органдардың және меморгандардың жауапкершілігін арттырады. Яғни жауапкершілік тек Президенттің мойнында болмайды, сондай-ақ жергілікті жердегі мәслихат депутаттарының да мойнында болады, - дейді Жанар Бұқанова.

Оның сөзінше, бүгінгі күні саяси партияларға көп жеңілдік беріліп отыр. Бұқанова бұл жеңілдіктер көптеген партияның пайда болуына септігін тигізуі мүмкін.

Партиялар билік үшін күреске қатысып, сайлауға атсалысады. Менің ойымша, Президенттің партиядан шығуы орынды. Себебі Президент әртүрлі әкімшілік, саяси ресурстарды қолдануы немесе басқа статусы болуы мүмкін. Сол себепті саяси партияларда теңдік болуы керек. Президенттің басқа партияларда болмауы дұрыс деп санаймын, - деп айтты Мемлекеттік басқару академиясы орталығының басшысы.

Ол атап өткендей, қазіргі уақытта Мәжілісте 107 депутат бар. Енді жаңа заң бойынша ол 98-ге қысқартылады.

Заңдарды қабылдауда өзгерістер болады. Енді Мәжіліс заңдарды қарап, оларды қабылдайды. Кейін Сенат заңдарды қарап, өз дәрежесі бойынша келісім береді. Осылайша келісім алғаннан кейін заң Президентке қол қоюға жіберіледі. Егер Мәжіліс қабылдаған заң мен Сенат келіскен заңда Президенттің енгізетін өзгертулері немесе келіспейтін тұстары болса, онда заң қайтадан Парламентке қайтарылады. Сөйтіп заң қайтадан бір айдың ішінде қаралады. Депутаттар Президент ұсынған өзгерістермен келіспесе, онда Президент бірінші нұсқаға қол қояды. Ал егер депутаттар жауап бермесе, онда Президент өз өзгерістерін енгізіп, заңға қол қояды, - деп түсіндірді Жанар Бұқанова.

Ол тағы бір норманы түсіндіріп өтті. Айтуынша, Үкіметке берілетін экстраординарлы норма бар. Бұл норма бойынша Үкімет әртүрлі шиеленіс жағдайларда өз дәрежесінде заң қабылдап, оны Мәжіліске енгізеді. Ал Мәжіліс өз кезегінде оны жедел қабылдауға тиіс болады.

Жанар Бұқанованың пікірінше, бұл заң акт ретінде қабылданады. Егер бұл актіні Парламент қайта қарауы мүмкін. Сондай-ақ Парламент келіспесе, жойылуы да мүмкін.

Азаматтардың фундаментальді құқықтарын қорғау сұрағына тоқтала кетейін. Енді гуманистік мәні бар өзгерістер болып жатыр деп айтуға болады. Өлім жазасы жойылады. Енді адамдар тек қана өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар жеке тұлға өзі Конституциялық сотқа шағымдана алады. Яғни егер оның Конституциялық құқықтары бұзылса, ол тікелей Конституциялық сотқа шағымданады, - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, 22 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізген болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде Жолдауда айтылған саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы