Еңбекшіқазақ ауданында 2 ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды

18 Желтоқсан 2020, 11:05
1278
Бөлісу:
Еңбекшіқазақ ауданында 2 ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік мерекесіне орай Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе және Қорам ауылдарында әрқайсысы 50 келушіге арналған екі ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Мемлекет қолдауының арқасында біз бүгін тағы бір қуанышты жаңалыққа куә болып тұрмыз. Көктөбе ауылында ашылған осы жаңа дәрігерлік амбулатория тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетеді деп сенеміз, - деді аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.
Мұнан соң «Азамат-Құрылыс» ЖШС директоры Ермек Аметов жаңа ғимараттың символдық кілтін дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Рашид Хамзаевқа тапсырды.

Салтанатты жиыннан кейін жиналған көпшілік медициналық мекеменің ішін аралап, жабдықталуымен танысты.

Көктөбе ауылдық округінде есігін ашқан дәрігерлік амбулатория 50 орынға арналған. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде салынды. Оның құрылысына 279 млн теңге бөлінген. Бір қабатты ғимаратта қажетті бөлмелердің бәрі бар: тіркеу орны, процедуралық кабинет, екпе бөлмесі, дәрігерлердің кабинеттері, клиникалық және биохимиялық зертханалар және тиісті нормаға сәйкес т.б. қарастырылған. Дәрігерлердің жұмыс істеуіне де, қаралушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Заманауи медициналық мекеме Көктөбе ауылының 5 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін болады. Құрылыс жұмыстарының барлығын «Азамат Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. 

Дәл осы күні Қорам ауылында күрделі жөндеуден өткен амбулатория іске қосылды.

Еске салсақ, Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен 109 нысан қамтылған. 

Ал Алматы облысында жыл соңына дейін 18 медициналық мекеме іске қосылады, 2 нысанның құрылысы келесі жылы одан әрі жалғасады. Соның ішінде  «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде  3,4 млрд теңгеге 10 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынуда.


Өзгелердің жаңалығы