Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды

30 Желтоқсан 2021, 17:46
2707
Бөлісу:
Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) ведомство басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Мүгедектердің құқығын қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Бейнебайланыс режимінде кеңеске 14 облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, БҰҰ Даму Бағдарламасы мен БҰҰ Балалар қорының (UNDPA, UNISEF) өкілдері қосылды.

Отырысты ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат халықтың осы санатының қоғамға толыққанды интеграциялануына және басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т.б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталғанын атап өтті.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді, оған мыналар кіреді: әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыру; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, – деп мәлімдеді Еңбекминінің басшысы.

Іс-шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы баяндама жасады.

2019 жылы Үкімет Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекітті, ол 7 бағытты қамтиды және 64 іс-шарадан тұрады. Жоспарды жеті орталық мемлекеттік орган жүзеге асырады, – деп еске салды Руслан Сәкеев.

Еңбекмині Ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі заңнаманы жетілдіруде.

Соңғы екі жылда осы бағытта біз 1 кодексті, 2 заңды, Президенттің 1 Жарлығын, Үкіметтің 2 қаулысын, Ұлттық Банк басқармасының 1 қаулысын, министрліктердің 12 бұйрығын әзірлеу және өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргіздік. 12 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат бойынша жұмыс 2019 жылы басталды. Оның негізінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы мүшелерінің, мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сараптама қоғамдастығының ұсыныстары бар. Бұл нормаларды «Nur Otan» партиясы қолдады және олар сайлауалды тұғырнамада көрініс тапты, – деді Руслан Сәкеев.

Вице-министр Заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұратынын және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді қарастыратынын атап өтті.

Мәселен, мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді.

Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болды.

Сондай-ақ заңда мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен техникалық құралдармен (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір новелласы болып табылады.

Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

Сонымен қатар, заңда мүгедек балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді.

Бұдан әрі өңірлерде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету тақырыбына Солтүстік Қазақстан облысының мысалында Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Одно единое» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Эрман сөз сөйледі. Ол әкімнің кеңесшісі және қоғамдық бірлестік жетекшісі ретіндегі қызметі мемлекеттік органдар назар аударуы қажет аса өткір проблемаларды ашуға мүмкіндік бергенін хабарлады.

Оның айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде халықтың қауқары аз топтары үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігі бойынша барлық қажетті талаптарды ескеру, ал объектілерді салу немесе реконструкциялау процесінде техникалық және авторлық қадағалауды күшейту қажет.

Владимир Эрман сондай-ақ оңалтудың жеке бағдарламаларын әзірлеу кезінде спортпен шұғылданатын мүгедек адамдар үшін арнайы құралдарды есепке алуды және ОТҚ тізбесіне енгізуді ұсынды.

«Инклюзивті білім беру кешенінде жастардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін қолдау» тақырыбында «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығының «жастар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Разақова баяндама жасады. Ол инклюзивті білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарын қолжетімді бағдарламалар туралы кеңінен ақпараттандыру қажеттігін, сондай-ақ орта және жоғары деңгейлерде инклюзивті білім беруді іске асыру үшін материалдық-техникалық база құрудың және мүгедектігі бар адамдарды кәсіпорындарда жұмысқа орналастыру мен тағылымдамадан өткізуге жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов мегаполисте мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік интеграциясы үшін жағдай жасау: медициналық, әлеуметтік және кәсіби оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігіне қоғамдық мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобының қызметі туралы баяндады.

Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төрағасының штаттан тыс кеңесшісі Алмаз Ержан мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің кәсіпкерлік қызметі және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кәсіпкерлікке оқыту туралы хабардар етті. Ол «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарының – тауар өндірушілердің, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі Кеңестің жұмысы туралы айтып берді, оның міндеттері бәсекелестік ортаны дамытуға және мүгедек кәсіпкерлер ұйымдарын шоғырландыруға жәрдемдесуге бағытталған ұсынымдар әзірлеу және шаралар қабылдау болып табылады.

Алмаз Ержан сондай-ақ Үйлестіру кеңесі қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл бастаманы Үйлестіру кеңесінің барлық мүшелері қолдады.

Өзгелердің жаңалығы