Еңбекминінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы мәселелері талқыланды

25 Тамыз 2021, 13:02
1742
Бөлісу:
Еңбекминінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Абай – пайда ойлама, ар ойла» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері талқыланды.

Еңбекминінің аппарат басшысы Аида Құрманғалиеваның төрағалығымен өткен кеңеске Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Өркен Балажанов, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Захира Бегалиева, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев, Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева және министрліктің басқа да қызметкерлері қатысты.

Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау салаларындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға бағытталып жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

2021 жылдың 1-жартыжылдығында Әдеп жөніндегі уәкілден 224 адам жеке консультативтік көмек алды, оның 51-і – мемлекеттік қызметші.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша 15 өтініш қаралды, оның 5-еуі негізді деп танылды, олар бойынша тәртіптік сипаттағы қажетті шаралар қабылданды.

ЕӘҚКК төрағасы Ербол Нұрғалиев өз сөзінде комитеттің аумақтық департаменттері қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы хабарлады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Өркен Балажанов мемлекеттік қызметке кір келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу және Әдеп кодексінің нормаларын сақтау мәселелеріне тоқталды.

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Захира Бегалиева жобалық кеңсе жұмысының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және еңбекминінің қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан қадамдар туралы айтып берді.

Талқылауды қорытындылай келе, аппарат басшысы Аида Құрманғалиева сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлерді олардың салдары туралы хабардар ету бойынша белсенділікті арттыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексі салаларындағы заңнаманы бұзудың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты күшейту қажет. Сондай-ақ, осы бағыт бойынша үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деп түйіндеді ол.

 
Өзгелердің жаңалығы