"Еңбек жолы" республикалық конкурсының финалистері анықталды

29 Қараша 2019, 13:48
2935
Бөлісу:
"Еңбек жолы" республикалық конкурсының финалистері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы арнайы комиссияның шешімімен еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасында жыл сайын өтетін "Еңбек жолы" республикалық байқауында жеңіске жетуге 9 үміткер анықталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғарыда көрсетілген конкурс жұмысшыларды танымал ету мақсатында өткізіледі және "Үздік еңбек әулеті", "Өндірістің үздік жас қызметкері", "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" деген үш номинациядан тұрады.

Ағымдағы жылы үміткерлерден өтінімдер қабылдау 1 маусымнан басталды. Байқаудың өңірлік кезеңіне 388 адам қатысты, оның ішінде бірінші номинация бойынша 90, екінші номинация бойынша – 154, үшінші номинация бойынша – 144 өтінім түсті.

Конкурстың республикалық кезеңінде ҚР Еңбекмині сайтында өткізілген онлайн дауыс беру барысында 179 329 дауыс келіп түсті, оның ішінде: 23 351 дауыс "Үздік еңбек әулеті" номинациясы бойынша, 65 822 дауыс "Өндірістің үздік жас қызметкері" номинациясы бойынша және 90 156 дауыс "Жұмыс істеуші жастардың үздік тәлімгері" номинациясы бойынша дауыс келіп түсті.

Конкурстың финалистерін іріктеуді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың төрағалығымен, онлайн дауыс беруді ескере отырып, арнайы республикалық комиссия жүзеге асырды. Комиссия құрамына ҚР Еңбекмині, ҚР ҰЭМ, ҚР президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі, "Атамекен" ҰКП, ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан Еңбек конфедерациясы мен "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар достастығының үйлестіру кеңесінің өкілдері кірді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша әр номинация бойынша 3 финалист таңдалды. Бұдан әрі комиссия "Әлеуметтік инновациялар жалпыға ортақ еңбек Қоғамына жол" халықаралық форумы шеңберінде 4 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өтетін конкурстың жеңімпаздарын анықтау жөнінде шешім қабылдайтын болады.

"Еңбек жолы" байқауының танымалдығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Конкурсқа қатысуға өтінімдер саны ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда 58,4%-ға артты. Қазақстандықтарды кәсіби жетістіктерге және жаңа еңбек әулеттерін қалыптастыруға ынталандыру мақсатында біз өз тарапымыздан жүлделі орындар санын арттырдық. Егер өткен жылдары тек номинация үшін марапатталған болса, ағымдағы жылдан бастап 1, 2 және 3 орын үшін марапаттайтын боламыз. Жеңімпаздарға 1 орын үшін - 1 млн теңге; 2 орын үшін – 500 мың теңге және 3 орын үшін – 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар беріледі, - деді Ақмәди Сарбасов.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап Елбасының Нұрсұлтан Назарбаевтың Жалпы еңбек қоғамын құру идеясын жүзеге асыру мақсатында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшылары арасындағы республикалық "Еңбек жолы" байқауын өткізіп келеді. Оның негізгі міндеті – еңбек адамдары туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы