«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады

27 Сәуір 2021, 10:26
1594
Бөлісу:
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

 

Биыл 1 шілдеден бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл ретте құралдар мен міндеттер жаңа әдіснамаға сәйкес тек өзектендіріліп ғана қоймай, оған жаңа тетіктер мен бизнес процестер енгізіледі, - деді ол. 

Атап айтқанда, бірінші міндет бойынша жұмыста отырып оқып, практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік жасалады. Электрондық еңбек биржасы базасында нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытудың жалпыұлттық платформасы іске қосылады.

Екінші бағыт аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау барынша автоматтандырылады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысуды кеңейту үшін өнім өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру бойынша шаралар қабылданады, - деп атап өтті министр. 

Оның сөзінше, келесі жылы кредиттеу және гранттық жобаларды қолдау үшін бизнес жобаларды іріктеу өңірлердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады. Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасының мамандарымен оқудан бастап кәсіпкер болғанша қолдау көрсетілетін болады.

Үшінші міндет – нысаналы топтарды атаулы түрде қолдауға негізделеді. Бұл ретте олардың қажеттіліктеріне қарай жүмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген жобаларды іске асырамыз. Жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру бойынша кешенді шаралар қабылданады. Ол үшін ең алдымен еңбек нарығының инфрақұрылымы дамытылып, мобильді және цифрлы жұмыспен қамту орталықтары ашылады, - дейді Шәпкенов. 

Сондай-ақ жұмыспен қамту міндеттері онлайн және проактивті түрде, яғни өтініш берусіз кеңінен ұсынылады.

Ұлттық жоба шеңберінде қабылданатын шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табысын 27%-ға, еңбекақының 304 мың теңгеге дейін өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға және 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендеуіне ықпал етеді, - деп түсіндірді ол Үкіметте. 

Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылардың саны артып, осы жылдың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 4,9% шеңберінде сақталады.

Өзгелердің жаңалығы