Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері қорытындыланып, жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер айқындалды.
Отырысқа министрлік қызметкерлері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, комитеттер мен ведомстволық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Министрдің айтуынша, биыл әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. Алты айдың қорытындысында 4,6 миллион азаматқа зейнетақы мен жәрдемақы төленіп, жалпы 3,3 трлн теңге бағытталған.
Жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жылдық жоспар бойынша 548 мың адамды жұмыспен қамту көзделсе, алғашқы жартыжылдықта 250 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, бұл жоспардың 46 пайызын құрайды. Сонымен қатар 245 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың мәліметінше, биылғы алты айда мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 607 тексеру жүргізіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6 пайызға көп. Нәтижесінде еңбек заңнамасының 4 мыңнан астам бұзушылығы анықталып, жұмыс берушілерге 2,3 мыңнан астам міндетті нұсқама берілді және әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Вице-министр Эльдар Күзенбаевтың айтуынша, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Оның сөзінше, жұмыспен қамту қызметін жетілдіруде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге басымдық беріліп отыр.
Вице-министр Виктория Шегай медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу тетігі кеңейіп келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда куәландырулардың 45 пайыздан астамы осы форматта өткізіледі. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, цифрлық сервистерді дамыту және оңалту инфрақұрылымын күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы вице-министр Бақтияр Жазықбаев баяндады. Оның айтуынша, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде тағайындау тетігі енгізіліп, мемлекеттік қызметтің тоғыз түрі бойынша көрсету мерзімі бір күнге дейін қысқартылған.
Алқа отырысын қорытындылаған министр Асқарбек Ертаев медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасын арттыру, оңалту орталықтарының құрылысын уақытында аяқтау және өңірлік жұмыспен қамту жоспарларын толық орындау алдағы кезеңнің басым міндеттері екенін атап өтті. Министр құрылымдық бөлімшелерге жыл соңына дейін белгіленген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.