Былтыр Республика күні қарсаңында Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі бірдей ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Соның бірі - оралдық Эльмара Асқарқызы Траисова. BAQ.KZ тілшісіне Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұлағатты ұстаздан сұхбат алудың сәті түскен еді.
-Эльмара Асқарқызы, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет! Өткен жыл Сіз үшін табысты болды. Қарапайым еңбек адамының, соның ішінде қатардағы мұғалімнің Қазақстанның Еңбек Ері атағын алғанына көпшілік шын қуанды. Астанаға шақырылғанда мұндай жоғары наградамен марапаттайтынын біліп пе едіңіз?
- Шынымды айтсам, Қазақстанның Еңбек Ері атану үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ. Тіпті ол жөнінде ойланбаппын да. Мұғалімдерді әдетте Білім министрлігі марапаттайды ғой. Менің арманым министрліктің жоғары наградасы Алтынсарин төс белгісі болатын. Бірақ біліктілік санатым шебер емес, зерттеуші болғандықтан ба, былтыр тамыз айында «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін берді. Іштей қомсындым. Көңілім толмады. Себебі менің жасаған жұмысым, еңбегім Алтынсарин төсбелгісіне тартатын еді.
Содан қыркүйектің аяғында ұстаздар күні қарсаңында телеарна тілшілері келіп сұхбат алды. Мен оларды мектеп директоры шақырды деп ойладым. Он шақты күннен соң арнайы тексеруден өтуге менің және отбасымның құжаттарын сұратты. Мектеп басшылығы менің кандидатурамды мемлекеттік марапатқа ұсынғанын айтты.
Содан Республика күні қарсаңында еді, қазіргідей есімде, сенбі күні әкімдіктен хабарласып, дүйсенбі күні Астанада болуыңыз керек, сізбен Президент кездескісі келеді деді. Мен әуелі сенбедім, Президент қайда, мен қайда? Ойыма сыймады. Бірақ оның алдында наградаға ұсындық дегесін билет алып, елордаға ұшып келдім.
Сол күні түстен кейін Ақордаға шақырды әңгімелесуге. Сөз арасында Президенттің баспасөз хатшысы: «Ертең сізді не күтіп тұрғанын білесіз бе, қандай марапатқа ұсынылғаныңызды?» деп сұрады. Менің ойымда баяғы білім саласымен байланысты наградалар. Әрі кеткенде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын беретін шығар деп қоям. Алтынсарин медалін ала алмай қалғаным да еске түсіп жатыр. Содан жаңағы жас жігіт: «Сіз ертең бәрін таңғалдырасыз», - деді.
Келесі күні 50 шақты адамды «Қазақстан» концерт залына алып келді. Сол күні телефоныма ватсаппен таныстар Президент Жарлығын жіберіп жатты. Фамилиям тұсында «Қазақстанның Еңбек Ері» дегенді оқып, «неге Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы емес», - дедім де қойдым. Бейтаныс ортада абыр-сабыр боп, жан-жақтан жарқ-жұрқ түсіріп жатқанда, байыбына бармасам керек.
Жиын әлі басталған жоқ, Алматыдан келген әріптесім екеуміз жайбарақат әңгімелесіп жүрсек, бір қыз бала келіп: «Анадайдан қарап тұрмыз. Жүздеріңізден шаттық сезілмейді. Сіздер қандай марапат алайын деп жатқандарыңызды әлі жете түсінбеген сияқтысыздар», - деп езу тартты. «Сіздерге ең жоғары награда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Ол бұрынғы «Социалистік Еңбек Ерімен» тең», - демесі бар ма. Сол кезде көз алдым бұлдырап кетті.
Бұл марапатпен бірге үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінгенде, төбедегі плита құлап келе жатқандай болды. Бойымды қуаныш, мақтаныш емес, үрей биледі. Еңбек сіңірген мұғалім болу бір басқа, Еңбек Ері болу мүлде бөлек. Өйткені, мен жұмысқа таңмен келіп, кеште кететін қатардағы мұғаліммін. Танымал тұлға емеспін.
Ал Еңбек Ері болғаннан кейін бәрінің көз алдындасың, қоғам сені басқаша қабылдайды, сыйлайды, кездесулер өтеді, халық толымды, тұщымды әңгіме күтеді. Соған лайық болуың керек. Мені үрейлендірген де сол еді.

-Еңбек Ері атанғаннан кейін не өзгерді? Оралда кездесуге шақыратындар көп пе?
-Ең негізгісі, мен өзгерген жоқпын (күледі). Бірақ ел тани бастағаны рас. Марапаттаудан кейін Астананың әуежайында амандасып, құттықтағандар болды. Ал кездесуге шақырушылар көп емес. Облыс пен қала әкімдері, тіпті білім басқармасының басшылары да келгелі неше ай болды, мені әлі жеке қабылдаған жоқ. Мен де өздігімнен ешкімнің аудиенциясына сұрана қоймадым.
Елге оралғасын үшінші күні Теректі ауданындағы Пойма ауылына шақырды. Сол жерде жас педагогтармен, аудандағы мектеп басшыларымен кездестім. Жүздесу өте жылы өтті. Білгеніммен бөлістім. Ақылымды айттым.
Жастарға берер кеңесім – адам қай орында болсын жұмысты беріліп істеу керек. Оқушыларға да үнемі айтып отырам, кез келген істі көзбояушылыққа салынбай, адал атқару қажет. Ол дағды мектеп қабырғасынан дариды. Егер мектепте уақытыңды жоспарлауды, өз-өзіңді дұрыс ұйымдастыруды үйренсең, өмірде де табысқа кенелесің. Ал қиындықтан қашсаң, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдылансаң өмірде де ілініп-салынып жүретіндердің бірі боласың.
-Сіз бұған дейінгі сұхбатыңызда айттыңыз, мамандық таңдауда қиналған жоқпын, себебі мен ұстаздар әулетінде өстім деп. Ұшқан ұяңыз туралы айта кетсеңіз?
-Мен Сырым ауданынанмын. Жымпиты ауылында туып-өстім. Біздің әулет – ұстаздар әулеті. Әкем – физика пәні мұғалімі, анам орыс тілі мен әдебиетінен 40 жыл мектепте мұғалім болды. Жоғары кластарда маған да сабақ берді. Орыс тілі мен әдебиетіне құштарлығымлды арттырған да анам. Мектепті бітіргесін А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтына түстім.
Еңбек жолымды Жымпиты ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектептен бастадым. Ауылда 6 жыл жұмыс істегеннен кейін жанұя жағдайымен Оралға қоныс аудардым. №37 мектепте 5 жыл еңбек етіп, кейін №34 мектеп-гимназиясына ауыстым. 18 жыл осындамын. Жоғары санатты осында алдым. 2016 жылы Қазақстанның үздік педагогы атандым. Сол үшін де әріптестеріме алғысым шексіз.
Маған мамандық таңдауға ықпал еткен анама ризамын. Әдебиетші ретінде көп нәрсені анаммен ақылдасатынмын. Отағасы да еркіндік беріп, қолдау танытты. Мен тұтас күн мектепте боламын, артыма қарайламай алаңсыз жүрем. Күйеуімнің мамандығы - мал дәрігері. Былтыр зейнетке шықты. Отбасында 1 қыз, 2 бала тәрбиелеп өсірдік. Қызым 40-та, үлкен ұлым 35, кіші ұлым 28-де. Қазір ұл ұяда, қыз қияда, барлығы да үйлі-баранды болды.

- Сіз осыдан 17 жыл бұрын, мектепте «Жас көрермен театрын» құрып, кейін облыс көлемінде бағдарламасын жасап шықтыңыз. Әдебиетшіден режиссер болу оңай ма? Мұғалім бойында тағы қандай қасиеттер болуы тиіс деп ойлайсыз?
-Театр деген тым әсірелеу болар. Бәрі шағын драма үйірмесінен басталды. 5 сынып оқушыларының қатысуымен алғашында ертегілерді, соның ішінде «Ұйқыдағы аруды» сахналадық. Балалар есейген сайын түрлі тақырыптарды таңдады. Ата-аналар бұл бастаманы алақайлап қарсы алды. Костюмдерге, декорацияға қол ұшын берді.
Жоғары сыныпқа жеткенде үлкен эпикалық шығармаларды, соның ішінде қазақ тілінде «Қыз Жібек» жырын қойдық. Балалардың өздері ұсыныс білдірді қай туындыны таңдау керектігі жөнінде. Мақсат балаларды кітап оқуға қызықтыру десек, сол мақсатқа қол жетті. Бертін келе республикалық «Театр ғажайып әлемі» байқауына қатыстық. Васильевтің «А зоры здесь тихие» повесімен бардық. Қойылым театр сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ал былтыр «Әлия» пьесасымен сахнаға шықтық.
Жалпы мұғалім өз сабағын берумен ғана шектелмей, шығармашылықпен жұмыс істеуі керек. Әрбір оқушымен жеке жұмыс болуы тиіс. Ол пән олимпиадасы, ол ғылыми жобалар. Біздің мектеп облыс бойынша орыс тілінен олимпиадада әркез мықты саналады. Біз әр жыл сайын ғылыми жобалар дайындаймыз. Және біздің білім ордасының авторлық жобасы ол – «Пушкин оқулары».
Жас ұстаздар арасындағы байқау 2016 жылдан бері өтіп келген еді. Тек былтыр тоқтап қалды. Себебі қалалық білім бөлімі қолдау танытпады. Ерекшелігі - облыстың әр түкпірінен келген жас мамандар өз қабілет-қарымдарын ортаға салады. Ал жарыстың соңғы күні міндетті түрде Пушкин балымен түйінделеді. Оған оқушылар 50 жұп қатысып билейді.
-Сіз 9 жыл бұрын «Қазақстанның үздік ұстазы» атандыңыз. Басқа да жетістіктеріңіз қандай?
- Айта қаларлықтай басқа жетістігім еске түспей тұр. Мен 2013 жылы гуманитарлық пән мұғалімдерінің сиезіне делегат боп бардым. Үлкен мәртебе болды. 2015 жылы министрлік грамотасын алдым. Ұжымның көкке төбесі екі елі жетпеді. Жоғарыда айтқан «Театр – ғажайып әлемі» байқауында жеңімпаз болдық. Шәкірттерім үшін шын қуандым.
«Жас көрермен театрының» бағдарламасын жасадым. Содан кейін тағы өзгеше бір жоба керек деп Пушкиананы енгіздік. Ол да менің авторлық бағдарламам. «Күміс ғасыр ақындары» атты жобам да бар. Және бір авторлық бағдарлама «Абай мен әлемдік тәжірибе». Бұл жобада Абайды ақын ретінде емес, философ ретінде көрсеттік. 45 қара сөзін басынан аяғына дейін талдап түсіндіреміз. Оған қосымша әлем ойшылдарынан Конфуций, Фирда және Пушкинді алдық.
- Осыдан 5 жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Педагог мәртебесі туралы Заңға» қол қойды. Содан бері не өзгерді? Қазіргі мұғалімдердің білім берумен алаңсыз айналысуына жағдай бар ма? Мемлекет тарапынан не істелді, не істеу керек? Қағазбастылық азайды ма?
- Педагог статусы туралы Заң көп нәрсені өзгертті. Ең алдымен бізге жалақыны көтерді. Сатылап 4 жыл бойы еңбекақы өсті. Мұғалімдер қазір жаман табыс таппайды. Ал қағазбастылыққа келсек, бұрын жаппай оқу деп, сабаққа келмей қалғандарды іздеп, үй-үйді аралап жүретін едік, одан арылдық.
Сайлау кезінде сайлаушылардың тізімін нақтылауға, не басқа шараларға салатын еді, одан да құтылдық. Бұрын 100 пайыз міндеттесе, қазір ондай қысым жоқ. Әркім өз ойын, өз көзқарасын ашық білдіре алады. Соның бәрі осы заңның арқасы. Сондай-ақ ол заңда тек қана мүғалім міндеті емес, құқықтары да көрсетілген. Егер ата-ана не оқушы мұғалімге дөрекілік көрсетсе, онда айыппұл сала алады.
Бұрын бәріне мұғалім кінәлі болды. Қазір заңға сүйене отырып, ұстаздарды қорғауға болады. Тек қала емес, ауыл ұстаздарына да үлкен қолдау бар. Елді мекендерде еңбек ететін оқытушыларға 25% үстеме қосылады. Және бір ерекшелігі мұғалімнің еңбегі ескеріледі.
Бұрын бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жандар зейнетке бірде-бір грамота алмай кетіп жатса, бүгінде шебер санатын алған барлық оқытушыларға еңбек өтіліне, жасына қарамастан Алтынсарин төс белгісі беріледі. Ақша өз алдына, сенің осы салаға қосқан үлесіңді бағалап жатса, ол үлкен мотивация деп ойлаймын.
.jpeg)
-Сіздің еңбек өтіліңіз 30 жылдан асады. Осы жылдар ішінде мектепте не өзгерді? Бұрынғы оқушы қандай болды, қазір қандай? Ата-ана ше?
- Әрине уақыт өзгерді. Уақытқа сай қоғам да жаңарды. Бұрын балалар мұғалімнен қорқатын еді. Қазір олай емес. Ендігі кезде мұғалім баланың досы болуы тиіс. Шәкіртке жол сілтеп, білім айдынында бағдарлап отыратын жаңашыл серігі болуы қажет. Неге? Өйткені қазір мектепке бармай-ақ, үйде отырып, компьютерді ашып, кез келген тақырыпты меңгеруге болады. Ал мектепте балаға үйде ата-анасы бере алмайтын білікті көмек пен тәрбие берілгені ләзім.
Қазір белгілі бір дәрежеде мұғалімге жұмыс істеу оңай әрі қиын. Әсіресе ата-ана әртүрлі, қоғам біркелкі емес. Түрлі таптардың, топтардың арасында алшақтық ұлғайып барады. Сол да кері әсерін тигізеді. Кейде амбициясы күшті азаматтар мектепке өз талаптарымен келеді. Мектепті бақылауда ұстағысы келеді. Ал дұрысында бала тәрбиесінде ата-ана мен мұғалім әріптес болып, тізе қосып қимылдағаны жөн.
-Мұғалім болудың қиындығы неде, қызығы қандай? Қазіргі ұрпақтың бойындағы қандай қасиеттерге қуанасыз, нендей мәселе Сізді толғандырады?
- Қызығы - бала сенің көз алдыңда өседі, тұлға боп қалыптасады. Сенімен бірге қоршаған ортаны таниды. Әлемге, айналаға көзқарасы қалыптасады. Осы процестің бәрінде сенің қолтаңбаң болады. Соған сенің көңілің толады. Сен жұмыстан шаршап келдің кеште, күш жоқ, қалжырап құлай кетесің. Ал ертеңгі күні таңмен жұмысқа келіп, балалардың бейкүнә жүздерін көргенде бар шаршағаныңды ұмытып кетесің. Күнде солай қайталанады.
Шәкірттерің байқауда орын алса, олимпиада жеңімпазы атанса, жаның сүйсінеді. Себебі сол табыста сенің де сенің үлесің болады. Мұғалім тек балаға білім бермейді, жанының бір бөлшегін береді. Мейірімділік дәнін сепсең, бала жайдары, қайырымды адам боп шығады. Оқушымен бірге мұғалім де есейеді. Сондықтан оқушылар оқу бітіріп, мамандық алып, бала тәрбиелеп, өнегелі отбасы иесі болып отырса, ол сен үшін үлкен мақтаныш.
Мейлі зауыт салмай-ақ қойсын, жаңа жерлер ашпай-ақ қойсын. Сонда сен басыңды жоғары көтеріп, еңсеңді тік ұстап жүресің. Ал оқушыңның өмірде жолы болмай, сүрініп жатса, сен де бірге күйінесің. Ол баладан жіберген қателігіңді көресің, кінәңді мойындайсың. Әсіресе класс жетекшісі болсаң.
-Уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге көп рахмет!
Тайыр Жәнібек