Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

22 Қазан 2022, 12:19
2924
Бөлісу:
Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім
Фото: автордан

Қазақстанның болашағын дамыту, көркейту кезек күттірмейтін іс болғандықтан, білім беру саласы, оның ішінде педагог мамандығының беделін арттыру, сапалы білім мен ғылымды жас ұрпақтың санасына сіңіру әрқашанда маңызды, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда қыркүйек айының соңына қарай Түркістан облысына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп кеткен болатын. Сол кездесуде Сауран ауданы, Шорнақ ауылының тұрғыны, «ҚызылӘскер» жалпы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Пернебай Арынов білім саласына қосқан үздік жетістіктері мен айрықша сіңірген еңбегі үшін «Шапағат» медалімен марапатталды. Осыған орай, біз қарапайым ауыл мұғалімімен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Пернебай Сапарбайұлы, «Шапағат» медалі сізге не үшін берілді деп ойлайсыз?

– Иә, биыл 27 қыркүйекте Түркістан қаласына келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алдым. Президентіміз әрбір Жолдауында білім саласын дамытуға көп көңіл бөліп келе жатыр әрі жас ұрпаққа сапалы білім беруді әрдайым басты орынға қойып келеді. Бұл медальді барша мұғалімдерге берілген марапат деп білемін. Президентіміздің қарапайым еңбек адамдарының жұмысын бағалап ескергеніне өте қуаныштымын. «Еңбек ер атандырар» деген осы болар. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, ол медаль көп маңдай-тердің жемісі деп білемін. Одан бөлек, мектеп директоры мен ата-аналардан бастап, оқушылардан, әкімдерден, білім департаменттері мен министрліктен алып жатқан медальдарым, алғыстарым лайықты бағам деп ойлаймын. 

Еңбек өтіліңізге 22 жыл болыпты. Еліміз былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтті. Осы жылдар ішіндегі білім саласында қандай өзгерістер болды? Қайсысын қолдайсыз? Отыз жылға дейін, отыз жылдан кейін деп екіге бөлер болсақ, Қазақстандағы білім беру саласы сіздіңше қай деңгейде дамып келе жатыр? 

Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

– Осы 22 жыл ұстаздық еңбегімде 36 оқушыны түрлі аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерде өтетін жарыстарға алып шықтым. Өзім де түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып жүлделі марапаттар алдым. Білім беру деңгейі – қоғам мен мемлекеттің табысты дамуының негізгі кепілі. Білім сапасын дамыту үлкен ұлттық мәні бар міндет. Сондықтан дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең еткізетін сала ол – білім. К.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай әр ұстаз өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі жаңа талапқа сай технологияларды күнделікті пайдаланса сабақтың оқушыларға қызықты болатынын атап өткен. Сол себепті қоғамның прогрессивті дамып жатқан кезінде білім беру жүйесіне, оқыту процесіне жаңа технологияларды енгізіп, оларды сараптамадан өткізіп, оқытудың әртүрлі тәсілдерін мектеп өміріне күнделікті енгізіп жатса ұтылмаймыз. Қазіргі кезде мемлекетімізде беріліп жатқан білім сапасының бұрынғыға қарағанда өзгерістері көп. Алдыңғы қатардағы білім беру саласында озық тәжірибелерді бөлісіп, мұғалімдерді түрлі білім жетілдіру курстарына жіберіп жатыр. Сингапур, Корея, Финляндияның білім салаларын, іс-тәжірибесін енгізіп бөлісіп жатырмыз. Болашақта Қазақстанды да дамыған елдердің қатарына кіргізетін жақсы көрсеткіштерге жетеміз деген ойдамын. 

Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

– Неге география пәнін таңдағансыз? Бұл пән несімен өзекті?                

– Осы өзім еңбек етіп отырған мектепті 1984 жылы бітіріп шықтым. Мектеп қабырғасында география пәніне деген қызығушылығым пайда болды. Сол кезде Робинзон Крузо, Дерсу Узала кітабын үзбей оқыдым. География пәнін оқытқан ұстаздарыма алғысым шексіз, мектеп қабырғасынан түрлі пәндерге қызықтыра білді. Сынып жетекшім Жұман Исабеков т.б. ұстаздарым карталарды көрсетіп, үйретіп, қызықтыра алатын. Жұмысқа кірмей тұрған кезде де мектеп бағдарламасында оқулықтарға қызығып, география туралы бас алмай оқып шығатынмын. Бұл пән табиғатта болып жатқан өзгерістерді, жер тануды өткізетін жалғыз сабақ. Қазіргі табиғи өзгерістердің динамикасы қарқынды дамып жатыр, айталық ғаламдық жылулық, экологиялық жағдайларға, ауа мен судың ластануына, топырақтың тұздануына оның эрозияға ұшырауына, шөлейттің ұлғаюына т.б. жер беті мен оның жеке аймақтарында, шаруашылықтарда болып жатқан өзгерістердің себептері мен салдарын анықтайды. Табиғи ресурстарды зерттеп оны тиімді пайдаланудың, өндіргіш күштерді қоршаған ортаны қорғауды қайта қалпына келтірудің ғылыми негізін жасап отыратын пәндердің негізгісі осы география деп ойлаймын. 

– Оқушыларды ынталандыру, қабілетін, талантын ашу үшін қандай әдістер қолданасыз? 

– Жас ұрпақ тіршілік тәжірибесін үш ортадан алады: ол отбасы, қоршаған орта және мектеп. Сондағы көрген-білгендерін өз бойына сіңіріп өседі. Жас ұрпақтың сапалы қалыптасуы үшін мектептің ролі зор. Оқушыларға бұрынғыдай бірсарынды сабақ өте беру жалықтырып жібереді. Роликтер жіберіп, сызбалар сыздырып, контур карталармен жұмыс істетіп, сабақ арасында географияға қатысты дебат, диспут, дөңгелек үстел ұйымдастыру, топқа бөліп жарыстырса оқушылар бір-бірімен ашыла түседі. Мәселен «Миллион кімге бұйырады?» деген сияқты ойындар өткізсе баланың пәнге қызығушылығы артады. Жалпы, география басқа пәндерге қарағанда қызық қой, саяхатшылар туралы фильмдер көруге, хрестоматияларды оқуға кеңес беремін.  

Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

– Неліктен сіздің оқушыларыңыз үнемі жеңімпаз атанады? Оның бір сыры бар ма? Олимпиададан жеңімпаз атану үшін немен қызықтырасыз?

– Сыры жоқ ешқандай, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген, 5-6 сыныптан бастап жүйелі түрде дарынды оқушыларды олимпиадаға дайындаймыз. Яғни Олимпиадаға баратын 7-11 сынып оқушылары өздерінен кішкентай сыныптарға үйретеді, үйрете отырып өздері де үйренеді. Осы үдерісті спираль сияқты жалғастыра береді. Арасында Олимпиада тапсырмаларын беріп, түсінбеген сұрақтарын айтып отырамын. Жалпы оқушыларды Олимпиадаларға дайындау оңай емес. Үлкен буын іс-тәжірибесімен, әдіс-тәсілдерімен жас мамандармен бөліссе дұрыс болар еді. 

– Педагог мамандығының беделі артты ма қазір? Беделді болса қай жағынан? 

– Артты әрине. 2019 жылы 27 желтоқсанда Президент Қасым-жомарт Тоқаев заңға қол қойды. Бұл заң Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген. Әр жыл сайын 25 пайызға жалақысы көтеріліп отырды. 2025 жылға шейін  тағы екі есе көбейеді деп отыр, бұл да мұғалімдердің материалдық жағынан еңбегін бағалау. Одан бөлек, құқықтарын қорғау мәселесі де жақсы қолға алынған. Өзіне тиісті емес жұмыстарға жегу, баспасөз материалдарына жаздыру, сайлау, үй-үйді аралау, т.б. оның бәрі тоқтады. Әлеуметтік қолдау да жақсы жүріп жатыр. Еңбек демалысына шыққан кезде қосымша қаражат бөлінеді. Мұғалімнің ар-намысына тиетін сөздер айтылса да қорғайтын арнайы заң баптары күшіне енді. Оқу жүктемесі 16 сағатқа төмендеді. Педагог модератордан педагог шеберлерге шейін жалақысын 30 пайыздан 50-ге дейін білімін жетілдіру арқылы өсіруге мүмкіндігі бар. Магистратура, докторантура бітірген мұғлімдер де қосымша осынша мөлшерде ақы алып отырады. 

Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

– Қазақ педагогтеріне мемлекет тарапынан қандай көмек қажет?

– Әлемдік озық тәжірибелі, жақсы жазылған кітаптарды қазақ тіліне аударса, әдістемелік көмектерді көптеп шығарса көмек болар еді. Сапалы оқулықтармен, атлас карталармен қамтамасыз етілсе. Оқу-әдістемеліктердің барлығы жаңа бағдарлама бойынша көптеп құрастырылып шықса деген ұсынысым бар.  

– Сіз ауыл мұғалімісіз? Неге қалаға ауысып кетпегенсіз?

– Қазақтың қаймақтары ауылдан шыққан ғой. Үйреніп кеткенмін, қанша ел-жер көрсек те осы ауылыма асығып отырамын, қимаймын, туған жерімді ешбір Швейцарияға айырбастамаймын. Шымкент қаласында Назарбаев мектебі конкурс жариялаған болатын. Тест тапсырып, жоғары нәтиже көрсетіп 1 орын алдым. Мектеп директоры байқаудан өттіңіз деп жұмысқа шақырды. Айлық жалақысы жоғары, әр екі жылда қосылып отырады деді. Ойланып көрейін деп, кейіннен бәрібір осы ауыл мектебінде қалдым. Осында істеп жатқаныма еш өкінбеймін.  

– Ауыл баласының білімі қала баласына қарағанда қандай? Айырмашылығын байқап көрдіңіз бе? 

– Қалада таңдау көп, үйірме көп. Ауыл балаларында таңдау аз. Әйтпесе оқушылардың бәрі бірдей. Дегенмен, ауыл балалары еңбек етеді, қолға кетпен күрек ұстайды, еңбекпен шынығып, пісіп өседі. Ауылдан да ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар көп, бүгінде олар республиканың түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатыр. 

– Қазір баға қойылмайды, бұл дұрыс па?

– Иә, қазір күнделікті балдарын айтып отырамыз. Бөлім мен тарау біткен кезде тоқсан соңында жиынтық баға қойылады. Күнделікті қалыптастырушы 25 пайыз, жиынтық бағалау 25, тоқсандық бағалау 50 пайыз. Күнделікті баға оқушының кемшілігін табу үшін емес, келешек дамуына ықпал ету үшін қойылады деп ойлаймын. Бұрын төмен баға қойсақ оқушылардың көңіл-күйі болмай түсіп кететін. Жалпы, мақтағанды кім жек көреді, баланы мақтаса соған лайық болуға тырысады, оқушының сабаққа деген құлшынысы арта түседі деп ойлаймын. Ал қате кеткен жеріне ұсыныс жасау керек.   

– Қазір не көп оқулықтар көп? Сапалы екенін қалай анықтауға болады?

– Өзіміздің географияда біраз кемшіліктер бар. Биыл сәуір айында Түркістан қаласында республикалық семинар болып, сол жиында осы оқулықтар туралы айтылды. Сонда оқулықтарды дайындаудың жүйесі енгізілетін болды. Көптен бері бұл мәселе шешімін таппай келе жатыр еді. Бізде оқулықты әзірлеу жүйесі жетіле қоймаған. Бұл авторлардың кінәсі деп айта алмаймын. Мемлекеттік стандартқа, бағдарламаларға сәйкес дайындалса деп ойлаймын. Оқулық жазатын авторларды сараптамадан, тестілеуден өткізу, пысықтау керек. Меніңше, құрлықтар, мұхиттар географиясы қайтадан енгізілсе және ғылыми терминдер өте көп, келесі шыққан оқулықтарда осы кемшіліктер жойылады деп ойлаймын. 

Еңбек адамдарының жұмысы бағаланып жатыр – мұғалім

– География пәнінің мұғалімісіз. Осы отыз жыл ішінде осы география пәні қай сыныптан бастап оқытылады? Ол қанша рет жаңартылды, оқулықты жалпы кімдер жасады? Орыс тілінен аударылып жасала салған оқулықтар емес пе?

– 22 жыл еңбек өтілімде география пәні 6 сыныптан бастап оқытылатын.  Қазір 7 сыныптан бастап оқытылып жатыр. 3-4 рет жаңартылды. Бұрын физикалық география бар еді, жақсы, тамаша, жеңіл түсінікті жазылған. Сол дәстүр қайтып оралса екен деймін. Оқулықты негізі тәжірибелі 4-5 автор бірігіп шығарса жақсы жазылады, кейбір кітапта 1-2 автор ғана болады. Ол кіатптың 5-6 маман жазған оқулықтармен салыстырғанда кемшіліктері болады. 2000 жылдары орыс тілінен аударылған тараулар да кездесіп жатты.   

– Өзіңіз география пәнін жасап шығарар ма едіңіз? Жасар болсаңыз не қосар едіңіз оқулыққа?

– Оқулық жасап шығару өте күрделі. Әрине үлесімді қосар едім. Географияның кілті мен тілі – карта дейді. Картография мен план масштабты қосатын едім, себебі қалып кеткен тұстары бар. Қазақстанның физикалық географиясын қосуға болады. 

– Бір сыныпта қанша оқушы болғаны дұрыс? Оның қаншауын пәнге қызықтырып үлгере аласыз?

– Сыныпта 20-25 оқушының болғаны дұрыс. Оқушыларға да, мұғалімдерге де оңай, оның 50-60 пайызын пәнге қызықтыруға болады. Оқушылар саны одан көп болса білімнің сапасы кетеді. 

Өзгелердің жаңалығы