Жаңа жылда Үкімет құрамы ішінара жаңартылды. Қай министрлер өз орындарын сақтап қалды? Жаңадан тағайындалған премьердің ең ұзақ қызмет етіп келе жатқан орынбасары кім? Министрлердің ең жасы нешеде? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге сауалдарға жауап іздеп көрді.
Қыстың соңғы айы Үкімет үйіндегі ауыс-түйіспен басталды. Небәрі екі-үш күн ішінде Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинеті таратылды. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Олжас Бектенов жаңа премьер-министр болып тағайындалды. Бектеновтен кейін Мемлекет басшысы ізін суытпастан Үкіметтің басқа да мүшелерін бекітті. Министрлер кабинеті толығымен жаңартылмаса да, ішінара өзгерістер болды.
Ең ұзақ қызмет етіп келе жатқан орынбасар кім?
Биыл Үкімет мүшелері ішінара жаңартылса да, бұған дейін қызмет еткендердің барлығы өз орындарында қалып, тек бір жаңа вице-министрмен толықты. Сонымен Үкімет үйі басшысының орынбасарлары кімдер?
Президенттің жарлығымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары лауазымына Роман Скляр тағайындалды. 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап Скляр төртінші рет Үкімет басшысының орынбасары атанып отыр. Асқар Мамин, Әлихан Смайылов сынды азаматтардың қоластында жұмыс істеген ол енді Олжас Бектеновтің бірінші орынбасары қызметін атқарады.
Көп жылын елшіліктегі қызметке арнаған, Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқалы бері Премьер-министр кеңсесін басқарып келген Ғалымжан Қойшыбаев 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына кіріскен еді. Биыл да осы қызметінде қалды.
Бірқатар жыл Еңбекминін басқарған, әкім қызметінде болған Тамара Дүйсенова 2023 жылғы 8 маусымнан бастап Премьер-министр орынбасары атанған болатын. Осы жолы Дүйсенова орынбасарлық қызметін жалғастыра береді.
Серік Жұманғарин Үкімет басшысы орынбасары лауазымына 2022 жылы тағайындалды. Сонымен қоса бұған дейін бірнеше министрлікті басқарды. Оның ішінде Сауда және интеграция министрлігі, ұлттық экономика министрліктерін атап өтуге болады. Жұманғарин осыдан бес жыл бұрын журналистерге «Жынымды келтірмеңізші!» деп елдің назарына іліккені еді.
Мұрат Нұртілеу алғаш рет 2023 жылдың 3 сәуірінде Премьердің орынбасары болып бекітілген. 2024 жылы жаңадан құрылған Үкіметте ол орынбасарлық қызметімен қоса, Сыртқы істер министрі лауазымында қала береді.
Бектеновтің жаңа орынбасары Нұрлан Байбазаров 1975 жылғы 10 қазанда дүниеге келген. Ол Премьер-министрінің орынбасары лауазымымен қоса Ұлттық экономика министрі қызметін де атқаратын болады. Бұған дейін «Бәйтерек» Ұлттық холдингін, «Қазақстанның Даму Банкін» басқарған.
Осы тұлғалардың арасында ең ұзақ орынбасар міндетін атқарып келе жатқан Роман Скляр екенін көруге болады. Тәжірибелі қызметкер әлі де Үкіметтің құрамында болатыны анық.
Өз орнын сақтап қалған министрлер
Азамат Есқараев 1979 жылғы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. Ол Қазақстанның Әділет министрі болып екінші рет тағайындалып отыр. Алғаш рет 2023 жылғы 4 қаңтарда министр қызметіне кіріскен. Бұған дейін Әділет министрігінде біршама жыл еңбек еткен.
Ерлан Нысанбаев 1961 жыл 11 тамызда Алматы облысының Подгорное ауылында дүниеге келген. 2023 жылы қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне ауысты.
Саясат Нұрбек 1981 жылы Семей қаласында туған. 2022 жылғы 11 маусымда Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Үкіметтің жаңа құрамында өз қызметін жалғастыра береді.
Ержан Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген. 2023 жылдың 2 қыркүйегінде алғаш рет Ішкі істер министрі болып тағайындалды. 2024 жылы осы орнын сақтап қалды.
Нұржан Нұржігітов 1967 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 2023 жылғы қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрі қызметіне кірісті. Бұған дейін Жамбыл облысын басқарды.
Аида Балаева 1974 жылғы 4 шілде айында туған. Алғаш рет 2020 жылы қаңтарда Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Кейін 2023 жылғы қыркүйектен бастап Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне кірісіті. Биыл осы лауазымына қайта тағайындалды.
Арман Шаққалиев 1977 жылы Қарағанды облысында туған. 2023 жылғы 2 қыркүйекте Сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындалды. Биыл да министрліктегі қызметін жалғастыра береді.
Ең жас министр – 37 жаста
Марат Қарабаев 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. 2022 жылы 4 қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалды. Кейін министрліктің атауы Көлік министрлігі болып өзгертілді. Қарабаев ведомство басшысы қызметін атқара береді. Ол жаңартылған Үкіметтегі ең жас министр атағына ие болып отыр.
Ең үлкен министр – 58 жаста
Жас шамасы бойынша ең үлкен министрлер Ауыл шаруашылығы және Қорғаныс министрліктерін басқарып отыр. Олардың екеуі де биыл 58 жасқа толады.
Айдарбек Сапаров 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бұған дейін СҚО әкімі болған. 2023 жылғы 4 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Биыл осы лауазымына қайта бекітілді.
Руслан Жақсылықов 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысының Қаскелен қаласында туған. 2022 жылғы 19 қаңтардан бері Қорғаныс министрі болып қызмет етіп келеді. Үкіметтің жаңартылған құрамында қызметін жалғастырады.
Бір министрлікті ең ұзақ басқарып отырған кім?
Бір ведомствоны ұзақ басқарып келе жатқан министрдің бірі әрі бірегейі - Бағдат Мусин. Ол 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарып келеді. Интернет сапасына қатысты сынға жиі ұшырайтын министр «Цифрлық Қазақстанның» дамуына өзіндік үлесін қосып, жаңашылдық енгізіп жүр. Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніне 4 жылға жуықтайды екен.
Еңбек жолын мұғалім болып бастаған министрлер
Елімізде қарапайым қызметкерден бастап министр лауазымына дейін жеткен басшылар бар. Мәселен 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген Ғани Бейсембаев еңбек жолын қазақ тілі мұғалімі болып бастаған. Түрлі салаларда еңбек еткен ол 2023 жылы 4 қаңтарда Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды. Биыл оның өкілеттігі тағы да ұзартылды.
Светлана Жақыпова 1968 жылы Қарағанды қаласында туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Оқуын тәмамдағаннан кейін 1984 жылы Қарағанды облысы Қарой орта мектебіне мұғалім болып қызмет атқарды. Еңбекмині және Денсаулық сақтау салаларында еңбек етті. 2023 жылғы 2 қыркүйектен бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келеді. Биыл қайтадан осы лауазымға тағайындалды.
Ермек Маржықпаев 1969 жылы 29 тамызда Целиноград қаласында дүниеге келдi. С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттiк педагогикалық институтын, «Тұран» университетiн және Көкшетау университетiн бiтiрген. Еңбек жолын 1991 жылы дене шынықтыру мұғалiмi болып бастаған. 2023 жылғы қыркүйекте Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды. Осыған дейін 4 жыл бойы Ақмола облысының әкімі болды.
Қазақ тіліне шорқақ министрлер
Үкіметте, Парламентте, Сенатта қазақ тілін жетік меңгермеген қызметкерлер бар екені жасырын емес. Үкіметте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік тілді білмесе де, жоғары лауазымдағы қызметтерін атқарып келеді.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы дүниеге келген. 2022 жылы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы болды. 2023 жылғы 4 қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды.
Өз орнын сақтап қалған министрлердің бірі Алмасадам Сәтқалиев 1970 жылғы 31 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2023 жылғы 4 сәуірден бастап осы уақытқа дейін Энергетика министрлігін басқарып келеді.
Жақында өткізілген брифингте осы мәселе қозғалды. БАҚ өкілі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов "Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік тілді білмесе де, жоғары лауазымдағы қызметтерін жалғастыра ала ма және бұл қаншалықты дұрыс" екенін сұрады.
Мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын тестілеу, жалпы осы іріктеу әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Ал саяси қызметкерлер ондай тестілеуден өтпейді. Олар тағайындалады. Сондықтан бұл жерде ондай конкурстық іріктеу өткізілмейді, - деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.
Үкіметке жаңадан қосылған министрлер
Осы жолы Үкімет құрамы тек төрт министрмен толықты. Сырым Шәріпханов, Ажар Ғиният, Әлібек Қуантыров және Ерұлан Жамаубаев қызметтерімен қош айтысты. Олардың орындарына бұрын депутат болған, Президент Күзет қызметінің бастығы болған қызметкерлер тағайындалды.
Қаржы министрі лауазымына тағайындалған Мәди Такиев 1978 жылы Алматы облысында туған. Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, мәжіліс депутаты болған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, үш ұлы бар.
Жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1971 жылы Қызылордада дүниеге келген. Өз туған жерінде бірқатар басшылық қызметте болды. Атап айтқанда Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда медициналық колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Сенат депутаты.
Шыңғыс Әрінов 1983 жылы 10 қазанда туған. Президент жарлығымен Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы президентінің Күзет қызметінің бастығы қызметін атқарған.