Қазақ тілін білмейтін қос министр қызметін жалғастыра ала ма?

2 Ақпан 2024, 15:35
2747
Бөлісу:
Қазақ тілін білмейтін қос министр қызметін жалғастыра ала ма?
Фото: BAQ.KZ

Брифингте бұл сұрақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовке қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі Мүксімовтен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік тілді білмесе де, жоғары лауазымдағы қызметтерін жалғастыра ала ма және бұл қаншалықты дұрыс екенін сұрады.

Мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын тестілеу, жалпы осы іріктеу әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Ал саяси қызметкерлер ондай тестілеуден өтпейді. Олар тағайындалады. Сондықтан бұл жерде ондай конкурстық іріктеу өткізілмейді, - деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.

Кейіннен журналист «Өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізетін жоғары мемлекеттік органдардың басшыларын қазақ тілін білуге міндеттейтін талап енгізу қажет пе?» деп нақтылады.

Тілге қатысты талаптар оның ішінде саяси қызметкерге де оның кәсіби қызметіне қатысты қойылуы керек. Егер тіл кәсіби қызметін орындау үшін маңызды болса, әрине, ескерілуі керек. Мысалы, Сыртқы істер министрлігі қызметкерлері, елшілікте жұмыс істейтіндер жіберілген елінің тілін білуі керек, - деді ол.

Алайда Салауат Мүксімов аталған министрлерге қатысты нақты жауап айтпады.

Бұл сұрақтарға тіл саясаты саласындағы уәкілетті орган толығырақ жауап бере алады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы