Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Ел аумағында орын алған жаппай тәртіпсіздік тұрғындармен бірге, әсіресе полиция, әскери, қауіпсіздік салаларының қызметкерлеріне ауыр тигені рас.
Бұл туралы Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Асхат Құдайбергенов айтты. Сондай дүрбелең шақта ол әріптестерінің нағыз патриотизмнің, Отанды, елді, жерді, қаламызды қорғаудың үлгісін көрсеткенін жеткізді.
Алайда, бұл айтуға ғана оңай, сондай дүрбелеңнің ортасында болу, командаға, бұйрыққа сай күресу, нағыз бүлікшілермен бетпе-бет келу – қиынның қиыны еді. Біз елдің тыныштығы, туған қаламыздың амандығы, бүтіндігі үшін күрестік. Бірнеше күнге созылған қақтығыстардың әр сәті көз алдымда, – деді ол.
Полиция қызметкері өзінің құқық қорғау саласында бірнеше жыл ғана еңбек өтілі бар екенін де атап өтті.
Орын алған қайғылы ахуалды сарапшылар тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең үлкен қантөгіс деп бағалап жатыр. Мұнымен келісемін. Өйткені, біз көптеген асыл азаматтарымыздан айырылдық, әріптестеріміз опат болды. Енді олардың қай-қайсы да құрметке лайық деп білемін, – деді Асхат Берікбайұлы.
Ол Тараз қаласындағы бірнеше әкімшілік нысандарды бүлікшілердің басып алу әрекеттеріне қарсы күрескен жасақта болған. Оның айтуынша, бүлікшілердің дені 17-23 жас аралығындағы жастар екен.
Әрине, бұл өте өкінішті! Біздің замандастарымыз тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосуы тиіс болса, бүлікшілердің қатарындағы жастардың бүлдіруге ниеттенгендері, сол жолда күш жұмсағандары жаныма батты. Ең бастысы, біз оларды тоқтаттық, – деді Асхат Құдайбергенов.
Тараз қалалық полиция басқармасы жол-потрульдік полициясының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Самат Бошкаев болса, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктің Тараз қаласында да орын алуы мұндағы күштік құрылымдарға үлкен сын болғанын айтады. Себебі, бірнеше әкімшілік ғимаратты өртке орап, тағы бірнеше нысанға шабуыл жасаған бұзақылардың әрекеттеріне ең алдымен солар тойтарыс берген. Олардың қатарында әскери қызметшілер де, полиция жасақтары да, қауіпсіздік саласының мамандары да бар.
Біз нағыз қаскөйлермен бетпе-бет келдік. 2 мыңға тарта бүлікшілердің соққысына төтеп бердік. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бұйрыққа сәйкес, қарапайым халықтың амандығына баса мән бердік. Өйткені, бүлікшілердің жалған ұранына, арандатуына еріп кеткен жастардың да сол қауіпті ошақтарда жүргені рас еді. Оны тиісті органдар анықтай жатар, – деді ол.
Полиция маманы қызметтестерінің міндеттерін абыроймен атқарғанына сенімді. Олар Тараз қаласындағы негізгі нысандарды барынша сақтауға тырысқан.
Өз еліне шабуылдаған қаскөйлерді ұлттың жауы деп ойлаймын. Олардың жүздері де сондай қорқынышты болды. Ештеңеден тайсалған жоқ. Биліктің сөзіне құлақ асқылары келмеді. Басты ниеттері бүлдіру болатын. Рас, еліміз, оның ішінде құқық қорғау органдары біршама шығынға ұшырады. Біз батыл да ержүрек әріптестерімізден айырылып қалдық. Олардың есімдерін ешқашан ұмытпаймыз, құрметтейміз, – деді Бошкаев.