Емхананың бас дәрігері: Басты мақсат – аурушаңдық деңгейін төмендету

Бүгiн, 12:50
145
Бөлісу:
Емхананың бас дәрігері: Басты мақсат – аурушаңдық деңгейін төмендету
Фото: автордан

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықтың жүгі ауыр. Зор жауапкершілікті арқалап жүрген ақ халаттылардың қашан да жұмысы қауырт, еңбегі орасан. Осы орайда біз Ақтөбе қаласындағы №6 емхананың бас дәрігері Алтынбек Жаңабаевпен медицина саласындағы мәселелер мен биыл атқарылатын жұмыстар жайында сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Алтынбек Жалғасбайұлы, алдымен емхананың қызметі, сондай-ақ өткен жылғы көрсеткіштерге тоқталсаңыз. Бүгінде емханада тіркеуде тұрған тұрғындар арасында аурушаңдық көрсеткіші қандай?

- №6 қалалық емхана Сазды шағын ауданында орналасқан. Бүгінде мұнда тіркелген тұрғындар саны - 35 128. Оның ішінде ересектер саны 24 844 адам болса, жеткіншектер саны - 1660. 0-14 жас аралығындағы балалар саны - 8624, 15-49 жас аралығындағы әйел адамдар саны - 8548. Мұнда тұрғындарға 19 жалпы тәжірибелі дәрігер мен 7 бала дәрігері қызмет көрсетеді. Емханамызда профилактика бөлімшесі, акушерлік-гинекологиялық бөлімше, 40 төсектік күндізгі стационар бар. Ал консультативтік-диагностикалық көмектің құрамына хирургия, урология, физиотерапия, неврология, онкология, офтальмология, оториноларингология, кардиология, стамотология, гастроэтерология, рентген, УЗИ, видеоэзофагогастродуоденоскопия, колоноскопия, маммография, спирография, флюорография кабинеттері кіреді. Жалпы, емхана бір ауысымда 310 адамға дейін қабылдай алады.

Емхананың бас дәрігері: Басты мақсат – аурушаңдық деңгейін төмендету

Менің бұл емхананы басқарып келе жатқаныма биыл үш жыл болады. Барлық мамандар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, емханамызда кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Дегенмен дәрігерлердің көшіп-қонуына және декреттік демалысқа шығуына байланысты қажеттіліктер туындап жатады. Жалпы, мұндағы мамандардың көбі - жастар.

Негізі, емхана - бұл жас дәрігерлердің ұстаханасы. Өйткені бәріміз де ауылдық жерлерде еңбек етіп, жұмысымызды дәрігерлік амбулаториядан немесе аудандық ауруханадан бастадық. Қазір жастардың көбі бірнеше жыл емханаларда жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс істеп, кейін бейінді салаларға ауысып жатады. Меніңше, кез келген маман жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс жасап, кейін икеміне және біліміне қарай бейінді салаға көшуі керек.

Штат кестесіне сәйкес, қазір емханамызда 224 адам жұмыс істейді. Оның ішінде негізгі қызметі бойынша дәрігерлер саны - 78, орта медициналық персоналдар саны – 146, кіші медициналық персоналдар саны – 18. Емханамызда педиатрия бөлімінде 7 учаске бойынша дәрігерлер 0-6 жасқа дейінгі балаларды қарайды. Әр учаскеде 500 адамға дейін тіркелген. Біз үшін бүгінде ең бастысы - ана мен бала денсаулығы. Сондықтан аналар босанған кезде оларды жалпы тәжірибелі дәрігерлер тексеріп, жағдайларын саралайды. Мәселен, денсаулық жағдайы, әлеуметтік жағдайы, сәбидің күтімі, тағы басқалар.

Емхананың бас дәрігері: Басты мақсат – аурушаңдық деңгейін төмендету

Демографиялық көосеткішке келсек, былтыр емханамыз бойынша 435 бала дүниеге келді. Көрсеткіш - 11,3.

Бұдан бөлек, емханаға тіркелгендер қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, ауған соғысына қатысқандар көп. Мысалы, емханада 620 мүгедек жан тіркеуде тұр.

Одан бөлек, 2024 жылы емханаға келіп қаралғандар үлесі 93,9 пайызға жетсе, қаралғандардың ішінен ауруы бойынша ем алғандар үлесі - 60,7 пайыз. Үйде қаралғандардың жалпы үлесі 6,4 пайыз болса, үйде қаралған балалардың үлесі 49,0 пайызға жетті.

Енді аурушаңдық көрсеткіштеріне келсек, былтыр емханадан 10 027 адам ем алды. Оның қатарында 0-14 жастағы балалар саны 1832 болса, 15-17 жастағы жасөспірімдер саны -706, ал ересектер саны - 7489. Атап айтсақ, 2024 жылы қан аздық ауруы бойынша 110 адам тіркелсе, қан тамыр ауруларымен - 682, гипертониямен - 284, жүректің ишемиялық ауруымен - 119, инфаркт миокардымен - 36, қант диабетімен - 162, туберкулезбен - 6, қатерлі ісікпен - 81, ас қорыту жүйесі ауруларымен - 949, жарақат алып және улану салдарынан 857 тұрғын тіркеуге алынды.

Аурушаңдық деңгейіне келсек, соңғы жылдары онкологиямен ауыратын науқастардың 5 жылға дейін өмір сүру уақыты ұзарды. Бұл көзге көрінетін локализация мен ерте сатысында анықтау көрсеткіштерінің жақсаруынан болып отыр. Жалпы, былтыр №6 емхана бойынша 5654 науқас портал арқылы ауруханалар мен күндізгі стационарларда уақытылы ем қабылдады.

- Сіздің емханада былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша мәселелер туындаған жоқ па?

- Қазір кез келген адам “ДамуМед” мобильді қосымшасына кіріп, өзінің статусын көруіне болады. Бұл тұрғыда біздің науқастардың арасында ешқандай мәселе жоқ. Қазір біздің емханада күндізгі стационар бар. Осы жерде тұрғындар ем ала алады. Барлығы - тегін. Мұндағы кереуеттер саны - 40. Былтыр пилоттық жүйе арқылы 84 науқасқа мүгедектік топ тағайындалды. Мүгедектігі алғашқы рет анықталған немесе қайта куәландырылған пациенттердің құжаттарының басым бөлігі пилоттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар екпе салу бойынша былтыр 118 баланың ата-анасы екпеден бас тартса, жыл бойы 55 бала есепке алынды. Ондағы басты себептер - діни көзқарас пен ата-аналардың жеке пікірі. Сондай-ақ бірқатар бала мектеп пен балабақшада екпе салдырудан қалып қойған. Жалпы, екпе салдыру бойынша біздің дәрігерлер егулерді толық алмай жүрген балалардың ата-анасымен тұрақты түрде кездесіп, әңгіме жүргізеді, оларды топтастырып осы мәселені ашық талқылайды, видеороликтер көрсетіп, санитарлық сауаттандыру жұмыстарын ұйымдастырады. Дегенмен, өкінішке қарай, барлық баланы 100 пайыз қамту мүмкін емес.

- Өзіңізге белгілі, биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осы орайда емханадағы кіші қызметкерлерге қандай жағдай жасалуда?

- Соңғы жылдары медицина саласында жаңашылдықтар болып, барлық қызметкерлерге жағдай жасалып жатыр. Мәселен, медицина саласындағы барлық қызметкердің жалақысы көтерілді. Оған қоса бюджеттік мекеме мамандарына баспана алуда зор мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан біздің қызметкерлеріміз тұрақты жұмыспен қамтуда, баспана алуда қолдауға ие болып жатыр.

Бізді қуантатыны, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен жұмысшы мамандықтар дәріптеліп, әр саладағы үздіктер мен еңбекқор азаматтардың еңбегі еленуде. Бұл тұрғыда біздің емхананың мамандары да марапаттарға ие болып жүр. Былтыр соның арқасында емханамыз ұлттық аккредитацияның І санаты бойынша аккредиттеуден өтті. Бұл - жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ бүгінде емханамыздың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, барлық қажетті жабдықтармен жабдықталды. 2024 жылы емханаға фетальды монитор, видеокольпоскоп, электрокоагулятор, 2 дана пациент мониторы, 2 дана холтер аппараты сатып алынды. 

Бұл құрал-жабдықтар тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтер сапасының жоғарылауына өз үлесін қосады. Биыл бұған қоса емханамызға физиотерапиялық аппараттар, рентгенологиялық кешен, портативті стоматологиялық рентген аппаратын, эндоскопиялық аппараттың қосалқы құралдарын сатып алу жоспарланып отыр.

Емхананың бас дәрігері: Басты мақсат – аурушаңдық деңгейін төмендету

- Бүгінде №6 қалалық емхана жанында "Жасдәурен" жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық кімдерге қызмет көрсетеді?

- Бұл орталық репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға және 18-29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдік-профилактикалық көмек, сондай-ақ психоәлеуметтік және құқықтық қызмет көрсетеді. Мекемеде жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша ақпараттық қызметтер көрсетіліп, гинеколог, уролог, терапевт мамандар кеңес береді. Сондай-ақ орталықта психологтар жастарға психологиялық көмек көрсетеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған орталыққа 4255 жас жүгінген. Олардың қатарында 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің үлесі көп.

Жастар денсаулық орталығына жүгінген азаматтарды талдасақ, жас буын өкілдері бірінші кезекте психологтың көмегіне жүгінген. Атап айтсақ, 1784 (41,9%) жас психологтардан кеңес алған. Сондай-ақ гинекологқа – 472 (11,9%), дерматовенерологқа – 169 (3,9% ), терапевтке –1245 (29,2%), педиатрға 519 (12,2%) жас жүгінген.

Өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту мақсатында былтыр аталған орталық мамандары 40 іс-шара өткізіп, барлығы 953 адамды қамтыды. Оның ішінде 596 адам семинар-тренингтерге қатысса, қалғаны жарнамалық акцияларға, дөңгелек үстелдерге, ашық есік күндеріне атсалысқан.

Жалпы, бұл орталықтың жастарға берері мол. Орталық, бір жағынан, жас буынды салауатты өмір салтын ұстануға бағыттаса, екіншіден, қиын жағдайға тап болған, медициналық және психологиялық көмекке мұқтаж жастарға қолдау көрсетеді.

- Сөз соңында биылғы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Бүгінде біз үшін басты міндет - медициналық көмектің сапасын көтеру, тұрғындар тарапынан болатын шағымдарды болдырмау, сол бағытта жұмыстарды жандандыру, сондай-ақ аурушаңдық деңгейін төмендету.

Биыл біз үздік тәжірибелі орталық ашу бойынша №6 қалалық емхананың материалдық- техникалық базасын нығайту, мамандардың білімін жетілдіру, медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, медициналық қызметтің сапасын көтеру жұмыстары жүргізуді қолға алып жатырмыз. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында иммунопрофилактика бойынша жұмыстарды жандандыру, екпеден бастап тартып отырған балалардың ата-аналарымен түсіндіру және санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тұрғындарға грипп пен өзге де басқа жұқпалы аурулардың алдын алу вакцинациясын жүргізу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда екпе алу мәселесі өзекті болғандықтан, тұрғындар арасында иммунопрофилактика жұмысын жандандыру үшін қалалық әкімшілік мамандары, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары және теологтармен бірлесіп, балаларына екпе жасатудан бас тартып отырған ата-аналардың әрқайсысымен жеке түсіндіру жұмысын жүргізу, арнайы интернет-портал желісін, видеороликтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар емханамызға тіркелген жүкті әйелдерге, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын көтеру, жасөспірімдер арасында жүктіліктің алдын алу, балалардың денсаулығын жіті бақылау, жыл сайын скрининг өткізу сапасын арттыру, мүгедектіктің алдын алу, бала өлімін болдырмау, тағы басқа да шараларды уақытылы ұйымдастыру - біздің басты міндетіміз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы