Емханаға қалай тіркелуге болады?

7 Қараша 2022, 22:17
1543
Бөлісу:
Емханаға қалай тіркелуге болады?

Қазақстанда, соның ішінде елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын еркін таңдау бойынша тіркелу науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі ай бойы, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткізіледі.

Тіркеу науқанына еліміз бойынша барлығы 696 МСАК ұйымы қатысуда. Олардың 67-сі науқанға алғаш рет қатысып отыр, яғни Қор олармен медициналық қызметтерді сатып алу келісімшарттарын бұрын жасамаған. Тіркелу науқанының бірінші айында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 60 мыңнан астам қазақстандық алғаш рет тіркелген.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмектерге қол жеткізіп, қажет жағдайда ауруханаға жатқызуға жолдама алады, т.б.

Қазіргі уақытта астаналықтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 16-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады. Ал, ауыстырған жағдайда үйге жақын емхананы таңдаған жөн, өйткені емхананың қызмет көрсету аймағында тұратын науқастарға үйде медициналық көмек көрсетіледі, азаматтар қажет жағдайда дәрігерді үйге шақырта алады, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Рысқалиұлы Қабдықапаров. 

Медициналық көмексіз қалмауы үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталындағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеруі қажет.

Емханаға қалай тіркелуге болады?

  1. Тіркелу мәртебесін тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе жеке деректердегі электрондық үкімет веб-порталында (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тексеру қажет.
  2. Өзіңіз қызмет көрсеткенін қалайтын дәрігер мен клиниканы таңдаңыз. Алдымен осы емханадан сізді қызықтыратын аймақта бос орынның бар-жоғын білу ұсынылады.
  3. www.egov.kz. электронды үкімет порталына кіріңіз. «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдаңыз. Әрі қарай электронды өтініштің барлық өрістерін толтыру қажет.
  4. Емхана пациент туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Оң жауап болған жағдайда сіз медициналық ұйымнан тіркеу туралы хабарлама аласыз.

Зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезінен мүгедектерге тағайындалған қорғаншылар, қорғаншылар, қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, әскери міндеттілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат арқылы тіркеуге өтініш берген адамдар еркін нысандағы өтініш және жеке басын куәландыратын құжатпен емханаға тікелей хабарласу арқылы өздерін тіркей алады.

Тіркелу орнында маман-дәрігерді таңдау учаскедегі тіркелген тұрғындардың санын есепке ала отырып, жүзеге асырылады. Жалған ақпарат берілген жағдайда; пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта; жалпы практика дәрігеріне тіркелген халықтың саны 1700 адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда; тіркелетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін. Емханаға тіркеу немесе тіркеуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде орындалады, - деп түсіндіреді №9 қалалық емхана өкілі Майра Сарбасқызы Рыспаева.

Өзгелердің жаңалығы