Қазақстан елшісі Қатар әміріне сенім грамоталарын тапсырды

29 Қыркүйек 2020, 02:38
2102
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Қатар әміріне сенім грамоталарын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қатар мемлекетіндегі елшісі Арман Исағалиев Қатардың әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәниге сенім грамоталарын тапсырды.

Грамоталарды тапсыру рәсімінен кейін болған сұхбат барысында қазақстандық дипломат әмірге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Елші Қатар мемлекеті Қазақстан үшін маңызды және сенімді серіктес екенін айта келе, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салатынына сендірді.

А.Исағалиев Қазақстанның, экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген соңғы жетістіктері туралы баяндап, Қазақстан Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауының негізгі тармақтарымен таныстырды.

Өз кезегінде, әмір Қазақстан елшісін Қатардағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан-Қатар ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни Орталық Азиядағы өзінің басты серіктесі деп санайтын Қазақстанмен байланысты жан-жақты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Әмір 2014 жылы елімізге жасаған ресми сапарын есіне алып, бұл оның осы өңірге алғашқы келуі болғанын атап өтті. Ол біздің еліміз туралы жылы лебізін білдіріп, оның маңызды саяси салмағы мен елеулі экономикалық әлеуетін баса көрсетті.

Қатар әмірі 2019 жылғы маусымда Душанбеде АӨСШК V саммиті аясында ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, ү.ж. жылғы наурызда Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланғанын айтты. Алайда, сапар мерзімі әлемдегі коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілді. Шейх Тәмим жақын болашақта Нұр-Сұлтанға сапармен барып, Президент Қ.Тоқаевпен екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелерін, ең алдымен сауда-экономикалық және инвестициялық салаларды талқылайтынын уәде етті.

Өзгелердің жаңалығы