Елорданың бас санитарлық дәрігері КВИ-ді кімдер жиі жұқтырғанын айтты

11 Тамыз 2021, 17:54
5517
Бөлісу:
Елорданың бас санитарлық дәрігері КВИ-ді кімдер жиі жұқтырғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова айтты.

Оның айтуынша, аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркеліп отыр.

Департамент басшысы әсіресе, 18-29 жасқа аралығындағылар жиі ауырып жатқанын хабарлады.

Аурушаңдықтың жоғары деңгейі 18-29 жастағы тұрғындар арасында тіркеліп отыр, ол 16,4%-ға тең. Ал 30-39 жастағылардың аурушаңдық деңгейі 22,2%-ды, 40-59 жас аралығындағылар арасында 28,4%-ды көрсетті. Ал 60 жастан асқандардың 13%-ы індет жұқтырған. Балалардың 16,7%-ы COVID-19-бен ауырса, жасөспірімдер арасында 3,3%-ды құрады, - деді елорданың бас санитарлық дәрігері.
Сондай-ақ балалар арасында коронавирус инфекциясы барынша жеңіл түрде өтіп жатқанын айтты.
Биылғы наурыз айынан бергі 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдықты талдау кезінде жағдайдың 5,5 есеге ұлғайғаны байқалды. Яғни наурыздан бері 1106 жағдайдан шілдеде 6058 жағдайға дейін жеткен. Барлық жастағы бала ауырған, осы орайда олардың 1,9%-ы ауруханаға жатқызылған. Бұл балалардың індеттің барынша жеңіл түрімен ауырғандығын көрсетіп отыр, - деді департамент басшысы.
Айта кетейік, елордада жыл басынан бері 10 мыңнан астам бала коронавируспен ауырғаны анықталды.

Өзгелердің жаңалығы