Елорданың аула клубтары қалай жұмыс істейді

18 Ақпан 2021, 21:40
1672
Бөлісу:
Елорданың аула клубтары қалай жұмыс істейді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 23 аула клубы жұмыс істейді, онда 28 спорт секциясы және 21 шығармашылық үйірме бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Соңғы 6 жылда елордадағы аула клубтарының саны 6-дан 23-ке, ал тәрбиеленушілерінің саны 300-ден 2 700-ге дейін өсті. Спорт секцияларының түрі 6-дан 28-ге дейін, сондай-ақ шығармашылық үйірмелердің түрі 5-тен 21-ге дейін өсті.

Қазіргі уақытта тәрбиеленушілерге хореография, бейнелеу өнері, музыка, сәндік-қолданбалы өнер, еркін күрес, вокал, каратэ, бокс, фитнес, шахмат, лезгинка, грек-рим күресі, дзюдо, қоян-қолтық ұрыс, модельдеу және басқа да дәрістерді меңгеруі үшін барлық жағдай жасалған.

Аула клубтары қаланың барлық 4 ауданында жұмыс істейді: Алматы ауданында – 10, Байқоңыр ауданында – 8, Сарыарқа ауданында – 3, Есіл ауданында – 2. Ал 2023 жылға дейін қаланың тұрғын үй массивтерінде және шалғай аудандарында осындай 9 мекеме ашу жоспарланып отыр. Осылайша балалардың көбі спорттық секцияларға тегін барып, шығармашылықпен айналысуына және уақыттарын қызықты өткізуіне мүмкіндік алады.

Айта кету керек, аула клубтарының тәрбиеленушілері қалалық қана емес, республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларға белсенді қатысады.

Мәселен, 2019 жылдың өзінде олар түрлі жарыстардан 40 алтын, 56 күміс және 44 қола жүлде әкелді.

Тәрбиеленушілер Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Венгрия, Италия және Қазақстанның Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Көкшетау, Балқаш секілді түрлі қалаларында өткен сайыстардың жүлдегері атанды.

Толық мәлімет алу үшін 8 (747) 190 9693 нөміріне хабарласуға немесе Instagram желісіндегі ns_aula және astana_jastary парақшасынан білуге болады.


Өзгелердің жаңалығы