Елордалық мұғалімдер ең жоғары жалақы алады

12 Мамыр 2022, 11:02
1336
Бөлісу:
Елордалық мұғалімдер ең жоғары жалақы алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауылдық жерлерде мұғалімдердің саны азайып, қалаларда керісінше өсіп келе жатыр.

Сонымен қатар елорда мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары екені анықталды.

ranking.kz жүргізген мониторингке сәйкес, 2021 жылы білім беру саласында 1,12 миллион адам жұмыс істеді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1%-ға көп. Нақтылай кетсек, 2020 жылы бұл салада 1,11 млн адам жұмыс істеп, жылына тағы 0,1% адам жұмыспен қамтылып отырды.

2021 жылы білім беру саласының 10 қызметкеріне 16 жасқа дейінгі 52 бала мен жасөспірім келді. Республиканың 17 өңірінің жетеуінде көрсеткіш республикасы бойынша орташа деңгейден жоғары болды. Елдегі барлық халық саны бойынша 10 маманға 169 адамнан келді. Мұнда 17 облыстың 8-інде көрсеткіш республикалық көрсеткіштен жоғары болды.

Қалада білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны бір жылда 2,5%-ға өсіп, 570,7 мың адамға жетті, ал ауылдық жерлерде керісінше 0,6%-ға, яғни 549,4 мың адамға азайды. Өңірлік бөліністе білім беру саласында ең көп жұмыспен қамтылғандар Түркістан облысында тіркелген. Нақтырақ айтқанда, 141,9 мың адам. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,8%-ға артық. Үздік үштікке халқы тығыз орналасқан Алматы облысы (128,8 мың адам) және Алматы (95,5 мың адам) қаласы кірді, - деп жазды ranking.kz.

Білім саласындағы орташа айлық жалақы 2021 жылдың төртінші тоқсанында 219,2 мың теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 24,2%-ға артық. Саладағы жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсімі 14,3%-ды құрады.

Жоғары оқу орындарының қызметкерлері үшін атаулы жалақы 299 мың теңгені, орта білім беру саласы – 246,9 мың теңге, қосалқы білім беру қызметі – 203,7 мың теңге, бастауыш білім – 180 мың теңге, мектепке дейінгі тәрбие – 112,6 мың теңгені құрады.

Өңірлік бөліністе саладағы ең жоғары жалақы елордада тіркелді - 344,5 мың теңге. Үздік үштікке Алматы қаласы мен Алматы облысы да кірді. Батыс Қазақстан облысындағы сала қызметкерлері ең аз жалақы алады. Оның көлемі - 181,7 мың теңге.

Еске сала кетейік, елімізде педагог тапшылығы Атырау, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында байқалады.

Өзгелердің жаңалығы