Елордалық кәсіпкерлерге аяқ киімді цифрлы таңбалаудың артықшылықтары түсіндірілді

22 Маусым 2023, 18:35
551
Бөлісу:
Елордалық кәсіпкерлерге аяқ киімді цифрлы таңбалаудың артықшылықтары түсіндірілді
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп, аяқ киім өнімдерін сатумен айналысатын астаналық кәсіпкерлермен цифрлы таңбалауға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған іс-шараға 40-тан аса іскер азамат қатысқанын айта кетейік. Мәселен, ведомство өкілдері бас шаһардағы сауда орталықтарының біріне аялдап, аяқ киім саудасын жолға қойған кәсіпкерлерге жоғарыда айтылған таңбалау процесінің басымдықтары мен оның көлеңкелі экономиканы алдын алудағы маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар бұл тетік тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ететінін естен шығармаған жөн.

Өз кезегінде бөлшек сауданың өкілдері таңбаланбаған аяқ киімді сататындар қандай жауапқа тартылатынын сұрап, сондай-ақ бұл мәселе бойынша қосымша ақпарат алу мүмкіндігі мен импорттаушылар және көтерме саудамен айналысатындармен жұмысты мақсатты түрде қолға алуды өтінді.

Бұл ретте бірыңғай оператор Астанадағы ірі сауда орталықтарының бірін арнайы таңдағанын айта кеткен орынды. Өйткені онда аяқ киім сататын 100-ге жуық саудагерлер қызмет көрсетіп келеді.

Жауапты орган аяқ киім тауарларын цифрлы таңбалауға байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп отыратынын жеткізді. Осы орайда кәсіпкерлер цифрлы таңбалауға қатысты толық ақпаратпен тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы (Телефон нөмірі: 8(800)-080-65-65) арқылы таныса алады.

Биыл сәуір айынан бастап Қазақстанда таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынғанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы