2018 жылдан бері iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы Астана тұрғындары мен қонақтарының 18 миллион өтінішін қабылдап, өңдеді. Бүгінде орталық мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің, аудан әкімдіктері мен төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысын біріктіретін қалалық басқару жүйесінің негізгі буындарының біріне айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2026 жылдың басынан бері iKOMEK109 орталығына 1,5 миллионнан астам өтініш түскен. Кеңес алу қызметіне сұраныс жоғары. Өтініштердің негізгі тақырыптары – денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, электрмен жабдықтау, коммуналдық қызметтер және қалалық инфрақұрылым.
2026 жылғы қаңтарда байланыс орталығы Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары әзірлеген iKOMEK 2.0 жеке ақпараттық жүйесіне толық көшті. Жаңа платформа өтініштермен жұмыс істеудің толық циклін қамтамасыз етеді, өтінімдердің орындалу мерзімін бақылауға, қайталанған өтініштерді анықтауға және нақты уақыт режимінде талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Өтініштерді талдау, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, ықтимал тәуекелдерді болжауға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.