Елордалық дәрігерлер науқастың миындағы ісікті мұрын арқылы алып тастады

Операциядан кейін науқастың көру қабілеті айтарлықтай жақсарды.

 Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі 17 Тамыз 2026, 16:55
17 Тамыз 2026, 16:55
144
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі

Елордалық дәрігерлер Ақтау тұрғынының миындағы ісікті кіші инвазиялық әдіспен алып тастады. Операциядан кейін науқастың көру қабілеті айтарлықтай жақсарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Науқас бірнеше ай бойы көзінің біртіндеп нашарлап бара жатқанын байқаған. Алғашында ол тұрғылықты жеріндегі офтальмологқа қаралып, симптоматикалық ем қабылдаған. Алайда емге қарамастан, көру қабілеті нашарлай берген.

Қайта тексеру кезінде офтальмолог екі жақты биназальды гетеронимді гемианопсияны анықтап, миға магнитті-резонанстық томография жасауды ұсынған. МРТ қорытындысында мидың хиазма-селлярлық аймағынан эндосупралатероселлярлық өсуі бар ісік анықталды.

Осыдан кейін науқас Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандарынан кеңес алып, оған жоспарлы операция ұсынылды. Қажетті тексерулерден өткен пациент Орталыққа МӘМС аясында жатқызылды.

Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, Өңірлермен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс басқармасының басшысы Данияр Телтаевтың айтуынша, ісік мұрын арқылы эндоскопиялық әдіспен алынды.

Трансназальды трансфеноидты жол гипофиз аденомасын хирургиялық емдеудің «алтын стандарты» болып қала береді. Бұл әдіс нейрохирургияда ондаған жылдан бері қолданылып келеді және үнемі жетілдіріліп отырады. Соның арқасында операцияны барынша қауіпсіз әрі тиімді жасауға мүмкіндік бар. Науқастағы хиазма-селлярлық аймақ ісігі де трансназальды трансфеноидты эндоскопиялық жолмен алынды. Операция шамамен екі сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Қазір пациенттің жағдайы жақсы, палатаға ауыстырылды және үйіне шығаруға дайындалып жатыр, – деді Данияр Телтаев.

Операциядан кейінгі алғашқы күннің өзінде науқас көру қабілеті мен жалпы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын байқаған.

Ұлттық нейрохирургия орталығының барлық дәрігері мен мейіргеріне алғыс айтамын. Данияр Керімқұлұлына кәсіби шеберлігі мен көрсеткен көмегі үшін ерекше ризамын. Егер емді кейінге қалдырғанымда, көру қабілетімнен мүлдем айырылып қалуым мүмкін еді. Ісік көру жүйкелерін қысып, кейін өзгерістерді қалпына келтіру мүмкін болмай қалуы ықтимал еді. Операцияның арқасында көзімнің көруі сақталды. Мен қайтадан жарық дүниені көре аламын. Орталықтың бүкіл ұжымына алғысым шексіз, – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген Ақтау тұрғыны.

Наверх