Елордалық балалардың жазғы демалысы қандай лагерьде өтіп жатыр?

20 Шілде 2023, 12:27
629
Бөлісу:
Елордалық балалардың жазғы демалысы қандай лагерьде өтіп жатыр?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Астана қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Еламанов елордада балалардың жазғы маусымдағы сауықтыру демалысы, бос уақыты және еңбекпен шұғылдануы қалай ұйымдастырылғаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, балалардың жазғы демалысы екі бағытта ұйымдастырылады: сауықтыру және еңбек шұғылдану.

Жазғы кезеңде балалардың шамамен 98%-ын осы екі бағытпен қамтылды. Бұл 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам бала, оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мың. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейіндік лагерьлердің 1, 2 кезеңінде 134 494 бала қамтылды, - деді ол.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының «Балалықтың бойтұмары», М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының «Жазғы шығармашылық мектебі» лагерлерінде 462 бала қамтылды, оның ішінде 120 бала «Ақниет» қоғамдық қорының демеушілігімен тегін демалды.

Қала сыртындағы «Арман», «Боровичок» лагеріннің 1, 2, 3 кезеңінде 1 135 бала қамтылды, оның ішінде 500-ден астам бала «Жалпыға бірдей міндетті оқумен қамту» бағдарламасы аясында тегін қамтылды. Бұл лагерьлерде балалардың демалысы 29 тамызға дейін жалғасады. Екінші бағыт бойынша, жазғы уақытта балалардың еңбекпен шұғылдануын қамтамасыз ету, сонымен қатар спортпен, шығармашылықпен және біліммен айналысу шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Жазғы маусымда 175 мыңнан астам баланың еңбекпен шұғылдануын қамту жоспарланды, бұл 94,1% көрсеткішті құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 66,9% болды. Қосымша тәрбие жұмыстары бағыты бойынша балалар «Біз елорданы аралаймыз» және «Естелік орындардан Қазақстанның киелі жерлеріне дейін» Қазақстанның киелі жерлеріне баратын туристік өлкетану экспедицияларға барады. «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» спорттық лагерлерінде 5 510 оқушы қамтылып, спорт түрлерімен қатар, ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді, - деп толықтырды Нариман Еламанов онлайн брифингте.

Білім басқармасы өкілі атап өткендей, балалардың шығармашылықпен және біліммен айналысуына арналған «Жазғы дебат мектебі», «Тілдік мектептер», «Бояулар құпиясы», «Өнерлі жұлдыздар» үйірмелері жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы