Елордалық ауруханада жаңа инновациялық бөлімше ашылды

22 Мамыр 2023, 20:09
840
Бөлісу:
Елордалық ауруханада жаңа инновациялық бөлімше ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – Басқарманың алдына қойған жоғары мақсаттардың бірі. Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа госпитальдық фармация бөлімшесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – Астанада алғаш рет жүзеге асырылған жоба.

Мұндағы басты мақсат – препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы – дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Алдын ала есептеулер бойынша жоба жылына 400 млн теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Госпитальдық фармация бөлімшесінің жобасы әлемдік тәжірибеде кең қолданыста әрі халықаралық талаптардың бірі болып саналады. Қазір қала бойынша 9 аурухана болса, алдағы уақытта көпбейінді ауруханалардың барлығында аталмыш жүйені енгізу жоспарда тұр.

Жобаның негізгі міндеті – дәрігерлердің тағайындауы бойынша медициналық препараттарды уақытылы және сапалы дайындау, оларды медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу. Дәрілік препараттар клиникалық фармакологпен әр науқасқа оның жасы, салмағы, қарсы көрсеткіштері, тәуліктік дозасы және өзге де өлшемдер бойынша тағайындалады. Бұл жобаны іске асыру кезінде біздің клиникада бұған дейін жүзеге асырылған Акгюн ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарды, – деп атап өтті №2 КҚА бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев.

Аурухана басшысы мекеменің екі бірдей ғимаратын біріктіріп, оған қоса қабылдау бөлімшесінің хабына айналатын жаңа жобаны таныстырды. Дәл осы тұста балаларға арналған жаңа травматологиялық пункт ашу жоспарға енгізілген.

Сондай-ақ пациенттерге бір қадам жақындық – оларды қолдау қызметі, электрондық кезекті енгізу, пациенттерді жоспарлы госпитализациялау алгоритмі бойынша жұмыс істейтін фронт-офис ашылды. Жақын арада барлық ниет білдірушілерге онлайн режимде бос төсек-орын санын көре алатын мүмкіндік туады, бұл қызмет аурухана сайтында да қолжетімді болмақ.

Өзгелердің жаңалығы