Елордалықтар емхананы еркін таңдай алады

28 Қазан 2021, 18:42
43643
Бөлісу:
Елордалықтар емхананы еркін таңдай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров хабарлады. Сондай-ақ халықты емханаға тіркеу науқаны басталғанын алға тартты.

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан екі айға, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жалғасады. Тұрғындар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 36 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік емханалар. Тіркелген тұрғындар тіркелімінің деректері бойынша 2021 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына 1 266 190 адам тіркелген, тіркелмегендер саны – 23 456, - деп атап өтті филиал директоры.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларды да таңдай алады.

Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы жеткілікті, – деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кететін жайт, биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол мекеменің қызметін пайдалана берсе болады.

Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы