Елордалық жасөспірім бірінші болып Pfizer вакцинасын салдырды

15 Қараша 2021, 13:21
1324
Бөлісу:
Елордалық жасөспірім бірінші болып Pfizer вакцинасын салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 қалалық емханада 17 жастағы жасөспірім Төрежан Тұрсын Pfizer вакцинасын алғашқы болып салдырды. Ол вакцинация процедурасының жеңіл өткенін, өзін жақсы сезінетінін айтты.

Мен 17 жастамын, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студентімін. Жеке басымның қауіпсіздігі үшін ғана емес, өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін, коронавирус инфекциясын жұқтыру қатерін төмендетіп, қоғамда вирустың таралуын азайту үшін екпе алдым. Екпе алмас бұрын барлық қажетті ақпаратты зерттеп, Pfizer вакцинасы туралы деректермен таныстым. Вакцинадан соң өзімді жақсы сезініп тұрмын, ешқандай жағымсыз салдары сезілмейді, - деді Төрежан Тұрсын. 

Жасөспірімнің ата-анасы баласының вакцина алуына қарсы болмаған.

Керісінше, олар мені қолдады. Коронавирус инфекциясының жеңіл түрімен ауырдым. Жалпы вакцинация туралы қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Соған байланысты, бірінші кезекте ата-анамның рұқсатын алдым. Ал қалғаны – маңызды емес. Университетте ешкім вакцинацияға мәжбүрлеген жоқ, - деп атап өтті вакцина алған студент. 

Анасы Бақтыгүл Омарбекова да баласының екпе алуын саналы түрде қабылдаған.

Қандай мәселе болса да, антиваксерлер не десе де, өз таңдауыма сенімдімін. Ол студенттердің арасында, адамдар көп шоғырланатын ортада жүреді. Қоғамдық көлікпен қатынайды. Бүкіл адамдар бірдей маска тағады деп айта алмаймын. Отбасымызбен коронавируспен ауырдық. Екпе салдырған жұбайым ғана ауруды жеңіл өткізді. Сондықтан бәріміз екпе аламыз деп шештік. Ұлыма да вакцинациядан өтуге кеңес бердім, - деп ағынан жарылды Бақтыгүл Омарбекова. 

Өзгелердің жаңалығы