Елордалық ұландар үш күнде бес баланы тауып, ата-анасына табыстады 

20 Сәуір 2021, 19:08
1722
Бөлісу:
Елордалық ұландар үш күнде бес баланы тауып, ата-анасына табыстады 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар үш күнде бес баланы тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

16 сәуір күні 5573 әскери бөлімінің сарбаздары қызмет барысында ересек адамсыз жалғыз жүрген 3 жасар баланы көреді. Балақай ұландықтарға өзін Вова деп таныстырады. Вованың анасы біраз уақыт өз еркімен ұлын іздеп, нәтиже шықпаған соң әскери жасақтан көмек сұрайды.

Елордалық ұландар үш күнде бес баланы тауып, ата-анасына табыстады 

Оның айтуынша, бір жастағы қызы жылап, соны жұбату кезінде үлкен баласы көзден таса болған. Көп ұзамай азаматша әскери жасақпен кездесіп, ұлымен қауышты.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде жедел құраманың тағы бір әскери жасағы Есіл өзенінің бойында қоғамдық тәртіпті күзетіп жүргенде қолында самокаты бар, 5 жасар алаңдаулы баланы кездестіреді. Ұландықтар оны тоқтатып, мән-жайды сұрамақ болады. Бірақ ол жерде қайдан жүргенін, не үшін жүргенін түсіндіріп айта алмайды. 20 минуттан кейін полиция қызметкерлеріне әйел азаматша 56 жасар баласының жоғалғанын, қолында самокаты барын айтып хабарласады. Бұл бала да аман-есен анасына тапбысталды, - делінген хабарламада.

Сенбі күні, 17 сәуірде елордалық құраманың жауынгерлері «Жерұйық» саябағында 4-5 жасар жылап жүрген қыз баланы көреді. Ол анасымен серуендеп жүріп, адасып қалған екен. Әскери жасақ бастығы саябақта велосипед теуіп жүрген ересектеу балалардан саябақтың арғы басында қызын іздеп жүрген анасына хабар жеткізуін сұрайды. 20 минуттан соң адасқан бүлдіршін анасымен қауышты.

Елордалық ұландар үш күнде бес баланы тауып, ата-анасына табыстады 

Осы күні аталған әскери бөлімнің сарбаздары Кенесары хан ескерткішінің жанынан жылап жүрген тағы бір баланы байқап қалады. Дереу іздестіру шараларын ұйымдастырып, 15 минут ішінде баланың анасын табады. 3 жасар Ералыдан бөлек анасының қасында 1,5 жастағы қарындасы мен 5 жастағы әпкесі де болған. Анасы қыздарымен сөйлесіп отырғанда Ералы байқамай біршама жерге ұзап кеткен көрінеді.

Ал жексенбі, яғни 18-сәуірде астаналық «Жетісу» паркінде шұғыл ақпаратта айтылған 5 жасар баланы іздестіру кезінде жылап жүрген басқа бір баланы жолықтырады. Шамамен 3 жастағы балақай да жақындарынан көз жазып қалғанға ұқсайды. іздеуге кірісіп кеткен ұландықтардың алдынан 10 минуттай уақыт өткенде балақайдың әкесі шығады. Уайымнан көзіне жас алған әке әскерилердің қолынан баласын көргенде қуаныштан тағы да көңілі босап кетті.

Перзенттерімен қауышқан барлық ата-ана құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздарына адал қызметі мен жедел көмегі үшін алғыстарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы