Елордалық оқушылар 2 наурыздан бастап қалай оқиды

1 Наурыз 2021, 22:30
2581
Бөлісу:
Елордалық оқушылар 2 наурыздан бастап қалай оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы №9 қаулысына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақталуын ескере отырып, 2 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ал 6-8,10-сынып оқушылары қашықтан білім алады.

Пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан өткізілетін болады. «Көркем еңбек» және «Музыка» 1-5-сыныптарда қашықтан асинхронды форматта жүргізілетін болады.

Штаттық режимде мына пәндер оқытылатын болады:

- 1-сыныптарда: математика, сауат ашу, шет тілі, орыс сыныптарындағы қазақ тілі, қазақ сыныптарындағы орыс тілі, жаратылыстану, дүниетану, өзін-өзі тану;

- 5-сыныптарда: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі және орыс әдебиеті, шет тілі, математика, информатика, Қазақстан тарихы, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, жаратылыстану.

9-11 (12) сыныптар «кезекші топтар» режимінде оқуын жалғастыруда.

Оқытуды аралас форматта ұйымдастыру кезінде сабақтардың басталу және аяқталу уақыты көрсетіле отырып, икемді сабақ кестесі жасалады.

Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар көбейтілді, яғни дәрістер сыныптар арасында түрлі уақытқа қойылады.

Мектептерде эпидорталық туралы анықтамалар талап етілмейді, алайда ішкі сүзгі мен дезинфекциялық іс-шаралар күшейтіледі.

Сонымен қатар ерекше жағдайларда, ауру немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқытуға рұқсат етіледі.


Өзгелердің жаңалығы