Елордалық оқушы шетелдік 6 университеттің грантын ұтып алды

8 Шілде 2021, 20:17
2516
Бөлісу:
Елордалық оқушы шетелдік 6 университеттің грантын ұтып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Қазыбек Тоқтаровты Қазақстан, Италия, АҚШ, Гонк Конг, Финляндия, Нидерланд және Корея университеттері өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін хабарлаған. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.

Италияның Padua, Tor Vergata, Messina университеттері, Гонк Конгтың Hong Kong Baptist университеті, Финляндияның Lappeenranta University of Technology, Нидерландының Maastricht, Кореяның Gwangju Institute of Science and Technology және Қазақстанның КАЗГЮУ университеттері Қазыбекке толық білім грантын тағайындаса, АҚШ жоғары оқу орындары жартылай грант ұсынып отыр.

Қазыбек - республикалық, халықаралық олимпиадалар, жобалық байқаулар мен конференциялардың жеңімпазы. Оның «Smart yurt», «Smart park», жел генераторларының жаңартылған жүйесі және т. б. өнертабыстарына авторлық куәлігі мен патенті бар.

Мен «Сomputer science» бағыты бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Жоғары оқу орындарын таңдаған кезде мен өз бағытымдағы бағдарламалардың тиімділігі мен бірегейлігіне назар аудардым. Мектепте музыкамен белсенді айналыстым. Зияткерлік мектептің әнұранын орындап, мектептің бас ер вокалисті болдым. «Еco club»-тың, мектеп оркестрінің мүшесі болдым, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстым, - дейді жас зияткер.
Мектептен тыс уақытта Қазыбек Тоқтаров халықаралық ІТ компаниясында бір жылдан аса жұмыс істеген. Сондай-ақ ол «Kazakhstan Speedcubing» Федерациясының негізін қалаушыларының бірі.
Ең біріншіден, отбасыма ризашылығымды білдіремін! Мектептегі мұғалімдерімнің маған үйреткен құнды өмірлік кеңестері, берген білімі мен дағдылары үшін алғысым шексіз. Мен өзімнің ең жақсы нұсқам болуға талпындырған талантты, креативті және талапкер достарыма ерекше рахмет айтқым келеді, - деп алғысын білдірді ол.

Өзгелердің жаңалығы