Елордада 12 мекеме карантин бұзушылар тізіміне енді

12 Қыркүйек 2021, 19:46
6408
Бөлісу:
Елордада 12 мекеме карантин бұзушылар тізіміне енді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық мониторингтік топтар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Көптеген ескертуге, жауапкершілікке тартылатынына қарамастан, қала мекемелерінде карантиндік шектеулер әлі де бұзылып, келушілер мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндіруде.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Өткен тәулікте, 11 қыркүйекте мониторингтік топтар елорданың 12 мекемесінде карантин талаптарының бұзылғанын анықтады.

Ең көп бұзушылар Есіл ауданында тіркелді - 6 нысан. Тексеріс кезінде Zima барлар галереясында 500-ге жуық адам болған. Cabera гриль-барында, «Панаехали» барында, Khan El-Khalili кафесінде, «Мята Platinum Nursaya» ресто-барында, Tequila барында жұмыс режимі сақталмаған.

Алматы ауданында «Киш Миш» кафесі, Tema компьютерлік клубы, «Панаехали» атмосфералық бары және «Что Будет Дальше» караоке-бары карантин бұзушылар тізіміне енді.

Сарыарқа ауданында орналасқан «Амарин» және «Шашлыкофф» мейрамханаларында да карантиндік шектеулер ескерілмеді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған барлық материал әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының төмендеуіне қарамастан, елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша әлі де «қызыл» аймақта қалып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы. 

Азаматтар өздерінің және айналасындағылардың денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені вакцинамен иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы