Елордалық боксшылар халықаралық турнирде алтын жүлдені жеңіп алды

14 Наурыз 2021, 16:30
1530
Бөлісу:
Елордалық боксшылар халықаралық турнирде алтын жүлдені жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Германияның Келн қаласында 10-14 наурыз аралығында өткен бокстан халықаралық турнирге 16 елден жүзге жуық былғары қолғап шебері жиналды. Онда ел атынан сынға түскен елордалық қос боксшы алтын және күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.

Айбек Оралбай бокстан халықаралық турнирде топ жарып, бірінші орын иегері атанды. 91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан спортшымыз финалда бразилиялық боксшы Джуниор Абнерді ұтып, жеңімпаз атанды. Ал Айбектің інісі Нұрбек Оралбай (81 келі) аталған додада күміс жүлдеге қол жеткізді.

Байрақты бәсекеде ел намысын сегіз спортшы қорғап, олардың алтауы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Жалпы командалық есепте ел құрамасы бірінші орынға шықты.

Ағайынды Оралбайлардың бапкері Асқар Еркебаев жарыс жоғары деңгейде өтті деген бағасын берді.

Жарысқа барлық елден нөмірі бірінші деген спортшылары қатысты. Менің шәкірттерім ағайынды Айбек, Нұрбек Оралбайлар жақсы өнер көрсетті. Нұрбекті қарсыласына есе жіберді деп санамаймын. Балаларыма ризамын. Қазақ боксының деңгейін көрсеттік деген ойдамын. Бір алтын бір күміс жүлдені елордамызға алып бара жатырмыз. Алдағы мақсатымыз – әлем чемпионаты. Тәжірибемізді шыңдап, жоғары дәрежеде өнер көрсетеміз деген сенімдемін, - деді Асқар Еркебаев өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, елордалық 20 жастағы егіз ағайынды боксшылардың үлкені - Айбек жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы болса, ал кішісі - Нұрбек жастар арасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын.


Өзгелердің жаңалығы