Елордадағы тұрғын үй секторында жыл басынан бері 386 өрт тіркелді

21 Желтоқсан 2022, 18:45
1097
Бөлісу:
Елордадағы тұрғын үй секторында жыл басынан бері 386 өрт тіркелді

Жыл басынан бері елордадағы тұрғын үй секторында 386 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артып отыр. Бұл туралы бүгін «Жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ұсыныстар» тақырыбында өткен брифингте Мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары Ажар Рүстемова айтты, деп хабарлады BAQ.KZ.

Ал жеке үйлер мен құрылыстарда 266 (235) жағдай, көппәтерлі тұрғын үйлерде – 111 (74), жатақханаларда – 9 (7) жағдай тіркелген.

Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері болып: электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу - 131 жағдай; халықтың отпен абайсыз болуынан – 109 жағдай; пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу - 79 жағдай; қасақана өртеу – 14; отпен балалардың ойнауынан – 5 жағдай тіркеліп отыр, - деді Ажар Серікболқызы.

Статистика бойынша тұрғын үй секторындағы барлық өрттердің 41% немесе 158 оқиғасы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін білмейтін немесе жауапсыз қарайтын адамдардың кінәсінен туындайды.Тұрғын үй секторындағы барлық өрттердің 1/3 бөлігі жалға берілетін үйлерде тіркелген.

 

Ажар Рүстемованың айтуынша, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелерінің бірі – жалға алушылардың жиі ауысуы.

 Өрттердің көбеюі маусымдық сипатта да айқын көрінеді, табиғи-климаттық жағдайларға сәйкес аймақ төмен температураға бейім. Өрттің көбі қыс айларында болады және қатты аязға байланысты. Жылыту кезеңінде өрттің, қаза болудың және жарақаттанудың алдын алу шеңберінде Департаментпен бүгінгі таңда 30 мың жеке үйдің 26 мыңнан астамы атаулы профилактикалық жұмыстармен қамтылған. Оның ішінде 5 мыңнан астамы саяжай секторындағы үйлер, - деді Мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары.

Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 315 датчик орнатылған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына (көп балалы және аз қамтылған отбасы, жалғызбасты мүгедектер, зейнеткерлік жастағы адамдар, жетім балалар) ерекше көңіл бөлінеді. Есепке алынған 1036 отбасына 315 датчигі орнатылған. Ол жерлерде профилактикалық жұмыстар бірнеше мәрте жүргізіледі. Датчиктерді орнату оң нәтиже беріп жатыр. Мысалы, осы жылдың 3 желтоқсанда орнатылған датчик  5 адамның өмірін сақтап қалды (осы жылдың 6 желтоқсанында болған оқиға). Өкінішке орай, көміртегі тотығы датчиктерін орнатудан бас тарту фактілері бар (14 факт). Департамент  тұрғын жер үйлерінде датчиктерін орнату жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деді А.Рүстемова.

Айта кетейік, жылыту маусымы басталғаннан бері (2022 жылғы 29 қыркүйектен бастап) елордада түтіннен уланудың 5 жағдайы тіркелген.Мұнда 15 адам уланды. Оның ішінде  – 9 бала. 2021 жылдың осы кезеңінде 6 жағдай болған. Нәтижесінде 18 адам уланды. Оның  13-і  –  бала.

Жатақханалар мен коммерциялық қызметке айналдырылған тұрғын үйлердің өртке қарсы жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызады – 1205.  Мұнда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптары ескерілмейді.  Барлық жерде өрттің пайда болуына нақты қауіп төндіретін уақыт сызбасына салынған электр сымдары қолданылады. Бұл ретте, үй-жайларды әрлеу үшін жанғыш материалдар пайдаланылады, олардың жануы қауіпті улы жану өнімдерінің бөлінуімен қатар жүреді, - деді ол.

Бүгінгі таңда 5186 саяжай үйлерде халықтың әлеуметтік осал топтары тұрады.

Қысқы кезеңде тұруға бейімделмеген саяжай үйлерінің өртке қарсы жай-күйі мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Аталған үйлерде халықтың әлеуметтік осал топтары, оның ішінде аз қамтылған және қолайсыз отбасылардан шыққан жас балалар тұрады. Профилактикамен 5186 саяжай үйі қамтылған. Қысқы кезеңде саяжай үйлерінде тұратын 4112 мекен-жайдың тізімі жасалды. Өрттің алдын алу мақсатында елорда әкімдігімен, мүдделі мемлекеттік ұйымдармен, еріктілермен бірлесіп үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз және, әрине, хабарландырудың негізгі үлесін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргіземіз. Қазір электрондық мессенджерлер өрттің алдын алуға белсенді жәрдемдесіп жатыр, - деді Ажар Серікболқызы.

 

Сондай-ақ Ажар Рүстемова жылыту маусымында қауіпсіздік  шараларын сақтау бойынша бірқатар ұсыныстарды айтты.

Жылыту жүйелерін жөндеңіз, түтін құбырларын, түтін мұржаларын және жылыту пештері мен жүйелерінің басқа элементтерін күйеден тазарту, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде кемінде үш айда бір рет тазалау қажет, электр сымдарына тексеру жүргізу, тозған және уақытша схема бойынша төселген электр сымдарын ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау,пештерді теспеңіз, жанғыш материалдарды, кірлерді жанып жатқан пештерде кептірмеңіз, аула аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау, балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз.Есіңізде болсын, өртті сөндіруден гөрі алдын-алу оңай. Өрт туындаған жағдайда дереу 101 нөміріне қоңырау шалыңыз, - деп сөзін түйіндеді  Мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары Ажар Рүстемова.

Өзгелердің жаңалығы