Елордадағы оқушылар сарайында тұлғалық даму мектебі ашылады

18 Қараша 2020, 13:09
2247
Бөлісу:
Елордадағы оқушылар сарайында тұлғалық даму мектебі ашылады
Фото: автордан

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп 6-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастыруды көздеп отыр. 

Бұл жоба  «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылмақ. 

 

Бүгін қос тарап меморандумға қол қойып, жобаның сәтті жүзеге асырылуына екі жақтың да мүдделі екеніні атап өтті. Осы бастамамыз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына үлес қосып, қабілеттерін шыңдай түседі деген үміттеміз. «Рухани жаңғырудың» сан қырлы қағидаттарының ішінен балалардың тұлғалық қасиетін дамытуға бағытталған тұстарын  қамту көзделіп отыр, - деді Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының директоры Раушан Кушибаева.
 

Ал «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, еліміздің дамыған елдер қатарына кіруі адамдық капиталдың сапалы болуымен байланысты . Сондықтан ел ертеңі – балаларды елін, жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеумен қатар, мақсат қоя білу, табандылық сынды қасиеттерін де жетілдіру маңызды.

Тұлғалық даму мектебіне жан-жақтылығымен көзге түскен елордалық оқушылар тегін тартылатын болады. 
Меморандум аясында «Рухани жаңғыру» қағидаттарын ескере отырып, тұлғалық даму мектебінен бөлек, үйірмелер, волонтерлік қозғалыс пен ғылыми бірлестіктер ұйымдастыру да көзделіп отыр. 

«Рухани жаңғыру» ең алдымен адамның санасына, ішкі әлеміне өзгеріс енгізу. Жай өзгеріс емес, рухын оятатын өзгеріс. Оның қағидаттарын сөзбен айтсақ, әрине балалардың оны қабылдай кетуі екі талай. Сондықтан оны іске асыру үшін балаларға қолайлы формат таңдалады.

Осы меморандум аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Сакральді Қазақстан»  жобасы бойынша еліміздің киелі, тарихи орындарына экспедиция ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Әрине эпидемиологиялық жағдайды ескеретін боламыз, бастапқыда ол онлайн форматта өткізілуі мүмкін. Меморандум аясындағы шараларға оқушылар сарайының барлық үйірмелерін тартуға назар аударамыз, - дейді Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы директорының орынбасары Бақытжан Нұрмағанбетұлы. 


 

Өзгелердің жаңалығы