Елордадағы кинотеатрлар мен қонақүйлерде коронавирусқа қарсы егу пункттері ашылуы мүмкін

2 Сәуір 2021, 22:48
1102
Бөлісу:
Елордадағы кинотеатрлар мен қонақүйлерде коронавирусқа қарсы егу пункттері ашылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында бизнес өкілдерімен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, кейбір бизнес субъектілеріне жұмыс істей беруге мүмкіндік беретін "Ashyq" жобасын масштабтау мәселелері талқыланғанын мәлім етті.

«Әр тұрғын карантин мен оның салдарын сезінді. Бүгін бизнес өкілдерімен, Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасымен, санитарлық дәрігерлермен шағын және орта бизнесті қолдау шараларын, екпе алу пункттерін ашу, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, кейбір бизнес субъектілеріне жұмыс істей беруге мүмкіндік беретін "Ashyq" жобасын масштабтау мәселелері талқыланды.

Бірінші. Вакцинация

Коронавируспен күресте өте маңызды әдіс – вакцинация мен ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бірінші кезеңде екпені коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкерлері және т.б. алып жатыр.

Сәуір айынан бастап халықты вакцинациямен кеңінен қамтуға кірісеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі СК-Фармациямен бірлесе халықты барынша қамту үшін қалаға вакциналардың қосымша дозасын жеткізеді.

Егу пункттері

Кәсіпкерлеріміз әлеуметтік жауапкершілік танытып, егу пункттерін арттыру үшін өз алаңдарын ұсынып отырғаны қуантады. Мысалы, Нұрлан Смағұлов "Mega Silk Way" СОО кинотеатрларын егу пункттеріне жабдықтауды ұсынды. Сондай-ақ қонақүй иелерінен ұсыныстар түсті.

Қаланың санитарлық дәрігеріне, басқармаларға барлық қажет инфрақұрылымды дайындауды тапсырдым.

Үшінші. Ashyq жобасын масштабтау

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіледі. Мысалы, бейінді ведомстволар бірқатар кәсіпкерлік объектілеріне QR-код беруге, кіреберісте келушілердің эпидстатусын сканерлеуге мүмкіндік беретін "Ashyq" мобильді қосымшасын іске қосты. Осылайша, қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, кәсіпкерлік объектілері өз қызметін қайта бастады.

"Ashyq" жүйесінің қағидаты бойынша жұмыс істей алатын объектілер тізімін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Төртінші.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бейінді органдар ШОБ-ты қолдаудың жекелеген салықтар мен кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру және т. б. сияқты қосымша шараларды қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қаланың қалыпты өмірге тезірек оралуы қалалықтар үшін де, бизнесті жүргізу үшін де қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Мұның бәріне санитарлық нормаларды қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болатындығын түсіну керек. Барлық тәртіпті сақтай отырып қана қатаң карантиндік шараларды енгізбеуге болады», — деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы