Елордада 259 нысан ерекше қажеттіліктері бар жандарға бейімделмек

11 Қазан 2021, 16:02
3731
Бөлісу:
Елордада 259 нысан ерекше қажеттіліктері бар жандарға бейімделмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы Нұр-Сұлтанның әлеуметтік инфрақұрылымының 259 нысаны ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандустармен, зағип жандарға арналған бағыттаушы белгілермен бейімделеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.   

Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеу бойынша «Кедергісіз келешек» партиялық жоба іске асырылуда.

Биыл бұл жұмыстар 259 денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, шағын және орта бизнес нысандарында, мемлекеттік мекемелерде, ХҚКО-ларда, Қазпошта филиалдарында, әуежайларда, вокзалдарда жоспарланған. Оның ішінде 157 нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін барлық қажеттілікпен толық жабдықталған. Тағы 102-сі ішінара бейімделді, осы объектілердің иелері мониторингтік топтар анықтаған ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл аудандары әкімдерінің аппараттарымен нысандарды паспорттау бойынша жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына мемлекеттік органдардың, Қазақстандық мүгедектер конфедерациясының, паралимпиадалық спорт түрлерінің жаттықтырушылар құрамының өкілдері кірді. Олар паспорттауға және бейімдеуге жататын әлеуметтік маңызы бар объектілердің тізімін жасады. Бүгінде 259 нысан паспортталды.

Олардың меншік иелеріне тиісті ескертулерді жою бойынша ұсынымдар берілді.

Қаланың паспортталған және бейімделген объектілері туралы барлық ақпарат Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау ақпараттық порталында «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» (inva.gov.kz) бөлімінде жарияланады. 

Өзгелердің жаңалығы