Елордада жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

15 Мамыр 2021, 02:25
1657
Бөлісу:
Елордада жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жастардың баспана мәселесі қандай жолмен шешіліп жатқанын түсіндіріп өтті.

Қаланы дамытудың және өмір сүруге қолайлы жағдай жасаудың негізгі мәселелерін талқыладық. Қысқаша екі бағытқа тоқталғым келеді: «Elorda Jastary» жастар бағдарламасы және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жағдай жасауға бағытталған. Өткен жылы волонтерлермен, жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесулерде «Elorda Jastary» бағдарламасының тұжырымдамасын әзірледік. Онда көрсетілген негізгі бағыттар: сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналасуға және жастар кәсіпкерлігін дамытуға көмек көрсету, кәсіптік бағдарлау, бос уақытты тиімді өткізу, салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді Көлгінов.
Елорда әкімінің айтуынша, «Elorda Jastary» бағдарламасының негізгі бағыты – тұрғын үй мәселесі. Осы жылы елорданың жас мамандарын жеңілдікпен әлеуметтік несиелендірудің жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.
Бұл бағдарламаға 36 жасқа дейінгі жастар қатыса алады (жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес). Елордалық тіркелім кем дегенде бір жыл болуы керек және бағдарлама үміткерінің жеке баспанасы болмауы керек. Ресми жұмыс өтілі 1 жылдан кем емес болуы шарт. Осылайша аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы тұрғын үй сатып алуға 13 млн теңгеге дейін қарыз ала алады (жылдық 5% жеңілдікпен). Сатып алынатын тұрғын үйдің құны шектеусіз. Сонымен қатар осы жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жастар баспаналы болады, – деп жазды елорда әкімі.

Екінші бағыт – мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау. Қалада бірқатар әлеуметтік жобалар, соның ішінде «Кедергісіз келешек» жобасы жүзеге асырылуда. 

Осы жоба желісі бойынша 12 бейімдеу секциясы ашылды, республикалық клиникаларға квоталар бөлінді, мүгедектер арбалары және т. б. сыйға тартылды. Сонымен қатар қалада бірқатар әлеуметтік нысандар салынуда: оңалту орталықтары, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша, паралимпиадалық жаттығу орталығымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенін саламыз. Мысалы, өткен жылы Тұңғыш Президент қоры мен «Самұрық-Қазына» қоырының қолдауымен №1 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ БЦП, аутизм, Даун синдромы және т. б. диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысатын бірқатар оңалту орталықтары ашылды, - деп жазды елорда әкімі.



Өзгелердің жаңалығы