Елордада «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті

15 Сәуір 2022, 16:32
2111
Бөлісу:
Елордада «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті.

Салтанатты іс- шараға мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, ақын, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев және өзге де елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Елордада «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті

 

Осы жолда көп тер төгіп, туындылары тек республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі топтық және жеке көрмелерде таныстырылған Жанұзақ Мүсәпір өз сөзінде Қытай, Польша, Германия, Ресей сынды 30 астам елдің музей қорларында және жеке коллекционерлердің мұрағатында сақтаулы еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ суретші Ұлы дала мұрагерлерінің бұл бағытта да ешкімнен кем еместігін айтты.

Өз есіміммен байланысты тақырыпқа қатысты арнайы кітап шығару көптен ойда жүр еді. «Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» деп бабаларымыз айтқандай, суретшілік өнер экзистенциясын жан-жақты ашатын еңбекте шығармашылық тағдырымның бұралаңдарын да жеке коллекция мен отбасылық фотосуреттермен бекітіп отырдым. Мені сыншылар «Алаш өркениетінен сериялы дүние жасау мен бейнелеудің сакральды білімін танытушы» деп атайды. Сол буырқанған бояуларды жанкүйер қауым енді баспа бетінде өз көзімен көріп, қолына ұстаса деймін, – деді суретші.

Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков картиналардағы бейнеленген оқиғалар мен заттардың тарихи мән-мағынасына тоқталды.

Елордада «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті

Автор қазақтың бәйгесін, көкпарын, ұлттық аспаптарын тамаша бояудың көмегімен көрсеткен. «Балалықтан даналыққа жол» атты цикл Әл-Фараби өмір сүрген ғасырды шынайы суреттеген. Жанұзақ Мүсәпірдің жұмыстары осымен де құнды. Біз тарихымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарға заманауи сипат беріп, алға жылжимыз, – деді бұл орайда белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Сондай-ақ іс-шараға жиналған қауым авторды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ суретшінің көрмесімен танысып, ел мәдениетіне қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Жанұзақ Мүсәпір – шығармашылық саласының түрлі бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Телевизияда режиссер ретінде бірқатар деректі фильмді жарыққа шығарды. Көрмелерге жетекшілік етті. Мүсін құюмен айналысты. Басқасын айтпағанда, Қазақфильм түсірген «Қарсы бақылау» көркем фильмінің бас продюсері, «Қара шаңырағым», «Алтын ұя мектебім», «Өмір өткелдері» т.б. кітаптардың авторы. 

Өзгелердің жаңалығы