Елордада жаңа тарихи кітаптар таныстырылды

23 Сәуір 2024, 15:23
236
Бөлісу:
Елордада жаңа тарихи кітаптар таныстырылды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалым, профессор Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты кітаптары көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға ғалымдар, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері және Парламент депутаттары қатысты.

Өз сөзінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан жарық көрген еңбектер ұлттық бірегейлікті сақтау жолында тарихи маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған кітаптар туған халқының кемел келешегі үшін қызмет еткен көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасын дәріптеуге зор үлес қосатынына назар аударды. Нақты тарихи деректер мен архив материалдары қамтылған туындылар оқырман қауымға ұлт үшін басын бәйгеге тіккен саяси қайраткерлердің өміріне қатысты тың мәліметтер ұсынады.

Сонымен қатар Палата Спикері елдің өткені, бүгіні және болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сондықтан ұлт шежіресін жүйелі зерттеп, зерделеудің маңызы зор. Мемлекет басшысының тарихи сананы жаңғырту және тарихты дәріптеу бағытындағы тапсырмасына сәйкес Сенат бұл салаға баса мән беріп келеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соған сәйкес отандық ғалымдар мен тарихшылар ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық ауқымды еңбек әзірлеп жатыр. Көптомдықтың басты мақсаты –– Тәуелсіздік шежіресін терең түсініп, тарихымызды объективті түрде қабылдауды қалыптастыру. Мұның бәрі бүгін жарық көріп отырған «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және «Ташқа жазылған тарых» кітаптарының негізгі идеясымен үндес екенін атап өткен жөн. Ұлт тарихы мен ұлы тұлғаларымыздың өмірі терең зерделенген бұл еңбектер алдағы уақытта мемлекеттілігімізді нығайтуға және ұлттық кодымызды сақтауға қызмет етеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар және журналистер сөз сөйлеп, жаңа еңбектердің мәні мен маңызы туралы ой өрбітті.

Өзгелердің жаңалығы