Елордадағы жексенбілік мектептерде сабақ басталды

9 Қыркүйек 2019, 23:32
2624
Бөлісу:
Елордадағы жексенбілік мектептерде сабақ басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының қолдауымен елордағы жексенбілік мектептерде сабақ басталды, деп хабарлады Елорда Инфо.

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова мен Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гагик Галачян армян жексенбілік мектебінің оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Елордадағы 23 этномәдени бірлестігі жанында 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Жексенбілік мектептерде сабақтар кешенді және жүйелі түрде өткізіледі», – деді Л.Құсайынова.

Ал өз кезегінде Гагик Галачян Қазақстан Республикасының Үкіметіне көрсетілген көмек үшін шексіз алғысын білдірді. Сол сияқты «Ван» армян мәдени орталығының төрағасы Саак Салумян жексенбілік мектепте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша, осы жылда армян жексенбілік мектебінде 4 сынып бойынша 40 оқушы білім алатын болады.

Сондай-ақ «Возрождение» немістер қоғамының ғимаратында неміс жексенбілік мектебінде де жаңа оқу жылының ашылуы өтті. Мерекелік іс-шараға Германиядан арнайы келген мәдениет ассистенті Антон Хаур қатысты. Шара барысында мектепте «таңғы шеңбер», «танысу» ойындары ұйымдастырылды.

Ал «Лад» РСД Астаналық филиалы» қоғамдық бірлестігі орыс жексенбілік мектебіне биыл 15-тен аса жаңа оқушы қабылданған. Алғашқы сабаққа жексенбілік мектеп оқушылары, ұстаздар, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мүшелері жиналды.

Қазақстандағы этностардың жексенбілік мектептері тіл мен мәдениетті және салт-дәстүрлерді одан әрі дамыту мақсатында арнайы құрылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы