Елордада смарт-дулыға арқылы адамның дене қызуын анықтауға болады

6 Қараша 2020, 07:45
1613
Бөлісу:
Елордада смарт-дулыға арқылы адамның дене қызуын анықтауға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астаналық әуежайда тепловизоры бар смарт-дулығаны сынақтан өткізу басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Интеллектуалды дулыға Қытайдың Шэньчжэнь қаласында жасалған. Соның көмегімен адамның дене қызуын лезде өлшеуге болады. Әзірше, әуежайға бір ғана дулыға келді. Оны сынақтан өткізіп жатыр.

Құралдың ішінде орналасқан тепловизор бес метрлік қашықтықта адамның температурасын анықтай алады. Дене қызуы шамадан жоғары болса, бірден дабыл қағылады. 

Негізгі функция – термометрия. Бірақ смарт-дулығаның басқа да мүмкіндіктері бар. Мәселен, қызметтік куәлік арқылы қызметкерлерді анықтай алады, қызметтік көліктер туралы ақпарат шығару функциясы да бар, - дейді әуежайдың денсаулық бекеті меңгерушісінің міндетін атқарушы, терапевт Әбдіғани Шапулатов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта сынақтан кейін қосымша смарт-дулығалар жеткізілуі мүмкін. 

Адамдар бұл қайдан келген «робокоп» деп сұрайды. Біз әлемдік тәжірибені зерделеп отырамыз ғой. Сөйтіп, осы өнімді өз әуежайымызда тексеріп шыққанды жөн көрдік, - деді Әбдіғани Шапулатов.

Бүгінде смарт-дулыға тек Нұр-Сұлтанда ғана бар. Республиканың басқа әуежайларында ондай тәжірибе жоқ. 

Айта кетейік, соңғы кезде әуежайда дезинфекциялық жұмыстар күшейді. Санитайзерлердің саны көбейді. Санитарлық өңдеу шаралары да артты. Дезинфекция әрбір 10-15 минут сайын жасалады.

Әуежайда 15 тепловизор орнатылған. Осы құрылғылар күні-түні жүрген адамдардың дене қызуын өлшеп тұрады. Ал барлық мәлімет басқару пультіне түседі. Ол жерде әуежай қызметкерлері ақпаратты өңдеп отырады.



Өзгелердің жаңалығы