Елордада шетелдік сарапшылар жаһандық мәселелерді талқылады

11 Желтоқсан 2023, 19:10
3701
Бөлісу:
Елордада шетелдік сарапшылар жаһандық мәселелерді талқылады

Елордада Астана клубының жетінші отырысы өтті. Жиын бұрынғы үкімет және мемлекет басшылары, әлемдік талдау орталықтарының жетекшілері сияқты беделді сарапшылардың басын қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана клубының басты міндеті – жаһандық тенденцияларға анализ жасау және жалпы әлемге және Еуразия өңіріне ықпал ететін маңызды мәселелердің шешімін табу.

Сарапшылар «Бейбітшіліктің жаңа формуласы: трансформация қарсаңында тақырыбын талқыға салды.

Соңғы бірнеше жылда әлемдік экономика бірінен соң бірі күйзеліске ұшырады. Осы күйзелістің барлығы өткен жылдардағы жинақталған жаһандық өсу динамикасын «қалпына келтіреді» және бөлшектену үрдісін жеделдетеді. ХВҚ жаһандық экономиканың өсімі 2023 жылы 2,9%-ға дейін баяулайды деп есептейді. Бұл 2000 жылдардың басынан бергі 3,8%-ды құрайтын жылдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен.

Сонымен қатар жаһандық қарыз дағдарысы сияқты күрделі құрылымдық міндеттер шешілмей отыр. Халықаралық қаржы институтының мәліметі бойынша жаһандық қарыз қазірдің өзінде 305 трлн долларға немесе әлемдік ЖІӨ-нің 348 пайызына жетті.

Бреттон-Вудсты жаңарту комитетінің (RBWC) бас директоры және негізін қалаушы Марк Узан бүгінде әлем ұзақ уақытқа созылатын жаңа макроэкономикалық парадигмаға ауыса ма, әлде барлық елдер бірінен соң бірі күйзеліске ұшырайтын кездерге кіре ме деген сұрақ туындайтынын атап өтті.

Жаһандық пандемия, жеткізу тізбегінің бұзылуы, соғыстар жаһандық сауданың сенімділігіне күмән келтірді. Энергетикалық дағдарыс өзара тәуелділіктің нәзіктігін анықтады, - дейді халықаралық сарапшы.

Сонымен қатар Чикаго университетінің Ұлттық пікірді зерттеу орталығының (NORC) зерттеу жөніндегі Атқарушы вице-президенті Кришна Кумардың пікірінше, экономикадағы жаһандық, тектоникалық өзгерістер қазірдің өзінде болып жатыр және жаңа экономикалық әлем тәртібі өткеннен айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Ол соңғы жылы жаһандық экономикалық экспансия негізінен Американың, сондай-ақ Үндістан, Индонезия, Бразилия және Польша сияқты елдердің есебінен жүзеге асырылғанына назар аударды. Сонымен бірге әлемде жаңа экономикалық держава - Қытай пайда болуда.

Іс-шараны Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) ұйымдастырды. Оған биыл АҚШ, Қытай, Ресей, Испания, Бельгия, Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және т.б. елден 40-тан астам спикер қатысты.

Өзгелердің жаңалығы