Елордада қысқы триатлоннан жарыс өтті

27 Ақпан 2022, 18:48
1449
Бөлісу:
Елордада қысқы триатлоннан жарыс өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елорданың Триатлон паркінде қысқы триатлоннан жарыстар өтті. Оларға 18 және одан жоғары жастағылар қатысты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Турнир үш кезеңнен өтті: 2,5 км жүгіру, веложарыс және шаңғымен сырғанау. Оған кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да қатысты. Жарысты Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен елордалық триатлон қауымдастығы ұйымдастырды.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырма берді. Бүгінгі іс-шара дәл осы мақсатта өтіп жатыр. Ал ауа райы бүгін өте қолайлы, жылы болып тұр. Астаналықтар бір жағынан спортпен шұғылданады, ал екінші жағынан демалысын көңілді, пайдалы өткізеді деп айтуға болады. Қатысуға ниет білдірушілер үшін есік ашық. Министрлік тарапы мұндай спорттық іс-шараларды қашанда қолдайды. Бұқаралық спортты дамыту керек. Біз қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаймыз, – деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Қысқы триатлон жарыстарына 150 адам қатысты. Қатысушылар деңгейіне байланысты екі топқа бөлінді – кәсіпқойлар мен әуесқойлар. Турнир елордада бұқаралық спортты насихаттау және дамыту мақсатында өткізіледі.

Бүгінгі жарыс қайырымдылық шарасы ретінде ұйымдастырылды. Одан түскен қаражат елордадағы паратриатлон спортын дамытуға жұмсалады. Біз бұқаралық спортқа ерекше мән береміз. Ол үшін апта сайын түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі – осы жылдың жазында жүгіруден ауқымды марафон өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Жылқыбаев.

Оның айтуынша, қалада бұқаралық спортқа арнап жыл сайын түрлі деңгейде 300-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Жыл сайын елордалықтар арасында салауатты өмір салтын ұстанатындар мен спортпен айналысатындар саны артып келеді.

Өзгелердің жаңалығы