Елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібі форумы өтеді

18 Мамыр 2023, 18:25
967
Бөлісу:
Елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібі форумы өтеді
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

2023 жылдың 1-ші маусымында Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінің аясында Қазақстан көмір өнеркәсібінің IV форумы өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Жаңа энергетикалық парадигма жағдайындағы көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» шеңберінде ұйымдастырылатын форумда отандық көмір өнеркәсібіндегі өзекті мәселелер талқыланады. Оның ішінде құны жоғары өнімдерді дайындау бойынша қатты отынды байытып, өңдеуге арналған заманауи технологияларды енгізу, көмір химиясы мен қара отынды таза әрі тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыру сынды мәселелер қамтылады.

Ауқымды жиынды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы (ТМКҚ) қолға алғанын айта кетейік.

Биылғы форумға аталған саланы дамытудың тұжырымдамалық мәселелерін талқылау мен даму векторын айқындап, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен әлеуетті әріптестермен іскерлік байланыстарды кеңейту үшін мемлекеттік органдардың, көмір өндіруші кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың өкілдері мен қазақстандық және халықаралық сарапшылар 4-ші рет қатысады деп көзделіп отыр.

Еліміздегі көмір өнеркәсібі ұлттық экономикадағы маңызды салалардың бірі саналады. Себебі республикадағы электр энергиясының 70%-дан астамы осы отын түрімен қамтамасыз етіліп келеді. Бұған қоса кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтып, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халықтың жылу энергетикалық сұранысын толығымен қанағаттандырып келе жатқанын атап өткен жөн.

Аталған форум бұл саладағы негізгі іс-шаралардың бірі саналатындықтан оның көмір өнеркәсібіндегі маңызды мәселелерді кеңінен талқылау мен бәсекелестікті арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуда септігі мол. 2019, 2021 және 2022 жылдары ауқымды басқосуды өткізудің оң тәжірибесі оның Қазақстанның экономикасы мен тұтастай осы салаға қатысы бар мүдделі тарап пен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңыздылығы жоғары екенін көрсетіп отыр.

Форумға делегаттардың қатысу мәселелері бойынша төмедегі телефон нөміріне хабарласуға болады: +7(7172) 689612, электронды пошта elmira.voinova@agmp.kz

БАҚ аккредиттеу бойынша көрсетілген телефонға хабарласа аласыздар: +77010278974, электронды пошта: rysty.alibekova@agmp.kz

Форумға тіркелу үшін келесі сілтеме бойынша өтуге болады.

Өзгелердің жаңалығы