Елордада паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты өтіп жатыр

29 Мамыр 2024, 04:20
320
Бөлісу:
Елордада паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты өтіп жатыр
Фото: gov.kz

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында боччадан жыл сайынғы ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шараға Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты. Ел біріншілігінде жекелей сыннан бөлек, алғаш рет командалық және жұптық сайыстарда жеңімпаздар анықталады.

Жақында Финляндияда өткен жарыста ұлттық құрамамыздың мүшелері Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев алғаш рет қола медаль жеңіп алды. Бұл жыл өткен сайын спортшыларымыздың кәсіби деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Шеберліктері шыңдалып, өздеріне деген сенімділіктері және ірі жеңістерге деген құлшынысы артып келеді. Аз уақыттың ішінде бұл спорттан жарық жұлдыздарымыздың шыққанына және әр жарыс сайын қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Біз баршаңызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда инклюзияны дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Біздің жетістіктеріміз – осындай қолдаудың және үлкен команданың бірлескен жұмысының нәтижесі, - деді Мәулен Әшімбаев.

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының құрамында 26 спортшы бар. Ел спортшылары жыл соңына дейін Польша мен Бахрейнде өтетін екі халықаралық рейтингтік жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

Бұл спорттық іс-шара – еліміздегі балалар, жастар мен ересектер арасындағы бірегей жоба. Министрлік мүмкіндігі шектеулі жандарға дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалған. Кейінгі жылдары елімізде бочча қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінде боччамен еліміздің 17 өңірінде 200-ден астам адам айналысады, - деді Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, Финляндияның Лахти қаласында өткен сайыста Қуаныш Асқарбеков жекелей сында қола медаль олжалады. Сондай-ақ командалық жарыста да Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев үздік үштіктен көрінді.

Өзгелердің жаңалығы